Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев 19 маусымда аймақтағы әдебиет пен мәдениет өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушылар өздерінің әдебиет пен өнер туралы ойлары мен жоспарларын айтып, ұсыныстарын ортаға салды.
Айтыскер ақын Серік Қуанған ақындардың арнайы орталығы болса деген тілегін жеткізсе, қоғам белсендісі Аян Қалымбек Өскемендегі кинотеатрларда қазақтілді мультфильмдер мен фильмдер жұртқа ыңғайлы уақытта көрсетілсе деген ұсынысын айтты.
Облыс әкімінің кеңесшісі Әлішер Сүлейменов "бұл ұсыныстар алдағы уақытта ескеріледі" деді.
Облыс әкімі өз кезегінде мәдениет және өнер саласының өкілдерін креативті бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Біздің жастар қазір цифрлық жүйенің тетігіне байланып, рухани құндылықтан қол үзіп бара жатқандай. Біз цифрлық технология тетігін тиімді пайдаланып, заман талабына сай өз қажетімізге жарата білуіміз керек. Елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардағы мәдениеттің рөлін арттыруымыз қажет. Сонда ғана цифрлық жүйені кәдеге жарата аламыз. Алдағы уақытта шығармашылық өкілдері, өнер адамдары осы бағыттағы жұмысқа көбірек көңіл бөлсе дейміз. Бүгінгі кездесуден қорытынды шығарып, айтылған креативті идеялар мен ұсыныстарға қолдау көрсететін боламыз, – деді Ермек Көшербаев.
Өзге де шығармашылық өкілдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
– Бүгінгідей еркін форматтағы кездесулердің көп болғаны дұрыс. Облыс әкімінің өзі келіп шығармашылық өкілдерінің ұсыныстарын тыңдағанына мың алғыс! Енді мәдениет басқармасы шығармашылық өкілдерімен бірлесе жұмыс атқарып, бүгінгі айтылған ұсыныстар негізінде жұмыс істесе дұрыс болар еді, – дейді жазушы Тоқтарбек Мағзұмов.
Жиын тізгінін қолға алған облыс әкімінің кеңесшісі Әлішер Сүлейменов талқыға салар тақырыптың ауқымы кең екенін ескеріп, алдағы уақытта мұндай кездесуді жиі ұйымдастыру қажеттігін тілге тиек етті.