Бір-екі жылдай көрінбей кетіп, өзінің туған жеріне, жаңа құрылған “Алтай” футбол клубына келіп, қайта ел алдына шыққан футболшы Сергей Хижниченко Bizdiң Өskemen сайтына сұхбат берді. Сұхбатта спортшының бұған дейін қайда болғаны, бірінші лигадағы клубқа неге келгені, үлкен футболдан біраз жыл қол үзген Өскемен жанкүйерлері туралы пікірі айтылады. Басқа да өзекті мәселелер төңірегінде ойын ортаға салды. (Сұхбаттың видеосы Instagram-парақшамызда жарияланды).
Сергей Хижниченко 2009 — 2020 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында доп тепкен. Ұлттық құрамының үздік сұрмергендерінің бірі екені белгілі. Өскемендік “Восток” футбол клубынан түлеп ұшқан ол елдегі көптеген клубта ойнады. Польша мен Белоруссияның футбол командаларында да өнер көрсетті. Қазір өскемендік “Алтай” клубының қатарында.
— Сергей, сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс! Қателеспесек, бір рет карьераңызды аяқтап, қайта жалғадыңыз. Қайта жалғауыңызға өзіңіздің туған жеріңіз, яғни Алтай клубына шақыру түскені себеп болды ма?
— Қателесесіз, мен карьерамды аяқтағам жоқ… Бұған дейінгі клубыммен хош айтысқан соң, тренерлердің сөзімен айтсақ, ешкімге керек болмай қалдым. Мұндайды әдетте жастар жағы қабылдай бермейді. Шамамен менің жайым солай болды. Бірақ ресми түрде карьерамды аяқтағам жоқ. Әрине, бірінші лигадағы командаларда ойнауға мүмкіндік болды, бірақ басында оны өзім қаламадым. Содан соң бір жарым жыл бос жүрдім. Дегенмен бірінші лигаға туған қаламнан шақырту түскенде қуана мақұлдадым. Туған жеріме көмек көрсеткім келді әрі өзімді, өзімнің бабымды тексеріп көргім келді. Сондықтан қазір осы жердемін.
— Нақты кім сізге қоңырау соқты?
— Жыл басында Лобадовский (“Алтай” клубының бас бапкері Сергей Лабодовский — ред.) телефон шалды. Ұсынысым сені қызықтыра ма, жоқ па деді. Одан кейін Егор Сколкин хабарласты. Ол екеуіміз бала кезде бірге ойнағанбыз, бірге өскенбіз. Мен келістім.
— Бұрын сіздің бала кезіңізде «Восток» клубының деңгейі қандай еді? Ересектер командасын айтамын. Оның тоқырауына не себеп болды?
— Ол кездегі «Востоктың» ойнағанын көрсеңіз, 2007 жылы мен ойнаған бірінші маусымда 4 немесе 5-ші орынға шыққан кезде, бір даулы оқиға болып, бізді чемпионаттан шығарып тастады. Бірақ біз жақсы ойнадық. 2008 жылы Алматымен Кубоктың жартылай финалында ойнадық. Сондықтан жаман ойнағамыз жоқ. Келесі, 2009 жылы премьер-лигада қалдық. Содан соң мен кетіп қалдым. Одан арғы клубтың күйреуі кезінде мен болғам жоқ, сондықтан ол туралы ештеңе айта алмаймын.
— Алтай клубы биыл бірінші лигадан бастап жатыр. Осы қазіргі мақсаттарыңыз және клубтың қазіргі аяқ алысы туралы айтыңызшы. Турнир кестесіндегі орындарыңызға көңіліңіз тола ма? Не жетіспей жатыр деп ойлайсыз?
— Бірінші мақсат — қаламызда футболды жандандыру. Басшылық бұл тарапта барлық жұмыстарды жасауда. Екінші лигамыз да пайда болды. Бұл – үлкен артықшылық. Жасөспірімдер лигасы да пайда болды. Балалардың спортшы ретінде өсуіне барлық жағдай жасалып жатыр. Біз үшін ең үлкен мақсат – премьер-лигаға оралу. Қазіргі күшімізді бағамдасам, өте қиынға соғатын сияқты. Осы жыл – біз үшін ауыр сын. Команда жаңа, өзімізді өзіміз тексеріп жатырмыз, келесі жылы өте биік мақсаттарға жетеміз деп ойлаймын.
— Өскеменнің жанкүйерлері футболды ұмытып қалмап па? Қалай қабылдап жатыр?
— Өскеменнен футбол жоғалып кетті демейін, әрқашан футбол болды. Сөз жоқ, үлкен футболды сағынып қалған. Біздің нәтиже, өкінішке қарай, жанкүйерлерді қызықтыра қоймайтын шығар, бірақ біз үдеден шығуға тырысамыз. Жанкүйерлерді, үлкен футболды қайтаруға, азартты қайтаруға тырысамыз, адамдар футболға қызығып келсін дейміз. Өз нәтижелерімізбен жанкүйерлерді сүйсіндіруге тырысамыз, олардың келуіне жағдай жасаймыз. Әрине, басшылық та барын салып жатыр.
— Ұлттық құрамадағы бауырыңыз, яғни жерлесіңіз Ислам Чесноков туралы ойыңыз қандай? Сізден ақыл-кеңес сұрай ма? Оның мықты ойыншы екенін білеміз, тағы қандай қырларын дамыта түсу керек деп ойлайсыз.
— Исламмен екеуміз бір-екі рет қана кездестік, оны алаңдарда ғана көрдім, былай жақсы таныс емеспіз. Байқағаным – өте дарынды жігіт, онысын дәлелдеп те жүр. Өрлеп-өркендей түссін, Еуропа чемпионатына барсын деймін. Былтыр Тобылдағы ойында басқалардан ерекшеленіп тұрды, өте мықты футболшы екені көрініп тұр, тек қана сәттілік тілеймін, әрдайым өсе берсін.
— Ал енді «Елім-ай» футбол клубы туралы айтайықшы. Қалай аз уақытта жақсы деңгейге көтерілді деп ойлайсыз? Басты себебі демеушілердің жақсы ақша құйғаны ма?
— Әрине, демеушілердің футболға жақсы ақша құйғаны керек. Бәріміз білеміз, қазір демеуші табу қиын. «Елім-айда» демеуші бар ма, білмедім, менің білуімше, жаңа облыс құрылды, жаңа облысты, қаланы, футболды өркендетуді көздейтін жаңа басшылық келді. Бұрын Семей Өскеменнің көлеңкесінде қалып қоятын, тұрғындары да ренжитін. Қазір сапалы менеджмент түзілді, стадионды жаңартты, база салынып жатыр. Оның үстіне демеушілер жақсы ақша құйса, тіпті жақсы болар еді. Премьер-лигасы бар әрбір қалада, ең болмағанда, басты команда үшін алдымен инфраструктура – база, жабық стадион салынса, футболшылар чемпионат басталғанда қаңғырып жүрмесе, жақсы болар еді.
— Өскеменге келдіңіз. Достарыңыз бар ма? Сыныптастарыңызбен кездесіп тұрасыз ба? Футболдан бос уақытыңыз қалай өтеді?
— Достарым көп, сыныптастарым бар, аулада бірге өскен достарым да жеткілікті. Әке-шешем, туған ағам осында тұрады. Әйелімнің туыстары да осында.
— Хоббиыңыз қандай?
— Негізі футболға көп уақыт бөлемін. Былайынша саябақтар мне демалыс орындарына барамын. Өскеменнен 20-30 минутқа ұзасаң, өзен-көлдер, тауларды көресің, табиғатымыз әсем, Катонқарағайдың өзі неге тұрады! Ал қазір, жазда Бұқтырмаға барып демалуға болады.
— Көлігіңіздің маркасы қандай, құпия болмаса?
— Көлігім – Мерседес GLE, құпия емес. Баяғыда, 2018 жылы сатып алғам. Содан бері ауыстырғам жоқ, өзіме ұнайды.
— Еңбекақыңызды айта аласыз ба? Немесе осы уақытқа дейін қай клубтан ең жоғары еңбекақы алдыңыз?
— Келісім-шартта «жариялауға рұқсат етілмейді» деген пункт бар, сондықтан айта алмаймын. Бірақ бұл жерде мәселе ақшада емес, мәселе – үлкен футболды, премьер-лиганы қайтару. Өскемен премьер-лигаға оралса екен деген үміт. Еңбекақы... короновирусқа дейін Қазақстан чемпионатында, қай клуб екенін айтпай-ақ қояйын, жақсы еңбекақы төленіп тұрды.
— Осы уақытқа дейінгі футболшы ретіндегі жолыңызға көңіліңіз тола ма? Не істей алдыңыз? Әлі нені армандайсыз?
— Әрине, көңілім толады. Бірдеңеге өкіну – ақымақтық қой. Өзімді сынап Польшаға, Белоруссияға бардым. Ештеңеге өкінбеймін. Карьерам өте қызықты болды. Арманым – туған жерім Өскеменге премьер-лига оралса екен. Тағы айтарым – Михаил Габышев, Стас Лунин (ол өкінішке орай қайтыс болып кетті), Ислам Чесноковке қарап жергілікті жас футболшылар өсіп, жоғары өрлесе, өскемендік жас жігіттер үлкен футболда көп болса екен деймін.
— Жас футболшылар демекші, өскемендік жас футболшыларға өз басыңыздан өткен немесе өзіңіз байқаған қандай қателіктерді жасамауға кеңес бересіз. Қарапайым ғана қателіктер болса да.
— Қателеспеудің формуласы жоқ. Әркімнің жолы әртүрлі. Қас-қағым сәт көп нәрсені шешуі мүмкін, бір ғана ойыннан бұдан арғы карьераң күрт өзгеруі мүмкін. Ал жастарға бала кезінде футбол алаңына әкелген арманынан алыстамасын деймін. Қазіргі балалардың барлығы дерлік Роналду, Месииге ұқсағысы келеді ғой, соларға жетуге тырыссын. Зиянды әдеттер мен пәлелі-жалалы жерлерден аулақ жүрсін, үлкен футболды армандап, өзінің алдына қойған биік мақсатына жетсін. Мақсатың қаншалықты биік болса, өзің оған жетпесең де, бірталай биікті бағындырасың.
— Көп рақмет, Сергей, сізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан — Әділ Әуезхан