“Увалиева” ма, “Уәлиев” пе? Өтепов деген қай Өтепов? — Өскемендегі көше атауларының жыры


ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 3-06-2024, 17:06 0

Сымбат Рамазановтың әлеуметтік желідегі видеосынан скриншот

Өскемендегі кейбір көше атауларының әлі күнге дейін орысша аталып, жазылатыны белгілі. Сонымен бірге кейбір көшелердегі тақтайшаларды тек қана адамның тегі жазылған, аты көрсетілмеген. Қоғам белсенділері олардың кім екенін анықтау қиын екенін айтады. 

 

Bizdin Oskemen сайтының тілшісі осы мәселелерді көтеріп жүрген блогер, қоғам белсендісі Сымбат Рамазановты сұхбатқа тартып көрді. Ол қазіргі жастар көше атаулары кімге берілгенін, олардың елге қандай еңбек сіңіргендігін жастар біле бермейді дейді. 

 

Айта кетейік, біз Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмаз Нұрғалиевке де хабарласқанбыз. Ол Өскемендегі кейбір көшелердің қазақша да, орысша да атауы бар деді. Айтуынша, орысша немесе тек қана адамның тегі жазылған тақтайшаларды біртіндеп ауыстыру, қазақшалау жоспары бар.

 

Сонымен Сымбат Рамазановтан алған сұхбатымызды ұсынамыз.

 

- Сымбат мырза, сіз қаламыздағы көше атауларына зерттеу жүргізіп жүрсіз. Бұған не себеп болды?

- Менің қала көшелері туралы Instagram-да reels-тер түсіріп жүрмін. Көше атауының тарихы, кімнің атына берілгендігі жайлы зерттеу жүргіземін. Мақсатым – халық өзінің тұрып жатқан көшесінің атын, мысалы, Өтепов болса, осы Өтепов деген кім екенін білсе деймін. Жастарға қала көшелері туралы ақпаратты дұрыс жеткізуге тырысып жүрмін. Қарапайым адамға көше атауы берілмейді ғой, ол бір ұлы тұлға болуы мүмкін, оның қаламызға, облысқа, бүкіл халыққа еңбегі сіңген адам болуы мүмкін. Сол еңбектерін білсін деген мақсатта мен қазір шағын бейнероликтер түсіріп жүрмін. Бұл ақпараттандыру жұмыстары ғой. Біз сол ұлы тұлғаларымыздың елі үшін істеген істерін білсек, насихаттау жұмыстарын жүргізсек, бәлкім, біздің жастарымыз оларға қарап еліктеп өсуі мүмкін.

- Нақты қандай көше атауларына зерттеу жүргіздіңіз?

- Нақты 5-6 көше атауына зерттеу жүргіздім. Қазір оның екеуі ғана жарыққа шықты. Тағы 3 көше атауы жайында reels-тер шығады. Алдымен Өтепов көшесі туралы түсіргенмін. Қолымда ол туралы ешқандай мәлімет болмады. Пушкин кітапханасына барып ақпарат іздедік, архивтерден қарадық. Қазақстан бойынша Өтепов атындағы көшелер көп екен, бірақ біз бұл қай Өтепов екенін таба алмадық. Баяш Өтепов пе, деп ойладық. Сондықтан бұл жерде мемлекеттік жергілікті атқару билік органдарының құлағына алтын сырға – көше атауында адамның толық аты-жөні жазылып тұрса, мысалы, Баяш Өтепов көшесі дегендей. Өйткені бір фамилия атындағы көшелер көптеп кездеседі де, адамдар шатасып кетеді.

- Сізге қай көшенің атауы ең қызықты көрінді?

- Маған Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы көшелердің атауын зерттеу қызықты. Себебі ол жақта 80-90 пайыз қазақтар шоғырланған, сондықтан қазақтар өздері тұрып жатқан көше атаулары жайлы, мысалы, Барақ батыр деген кім, Уәлиев деген кім, Есенберлин деген кім екенін білсе екен деймін. Әзірге сол жақтағы көше атауларын зерттеп жүрмін.

- Адамның аты-жөні толық жазылмауы – бір мәселе. Ал екінші мәселе – көше атауларының орысша жазылуы секілді. Мұның өзіңіздің видеоларыңыздан байқадық. Осыны тарқатып айтып беріңізші.

- Осы жолы Уәлиев көшесін зерттеуге бардым, мәліметтер жинадым. Қалалық әкімдікке хат жаздым, сол көше туралы қандай құжаттар бар екен, нақты қай жылы қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілді дегендей. Содан соң сол көшеге барып түсірейін десем, көше атауы «Увалиева» деп орысша жазылып тұр. Неге әйел адамның атын жазып қойған, ер адамның атындағы көше емес пе еді деп басында түсінбедім. Сөйтсем, ол орыс тіліндегі тіркес – «улица Увалиева» деп септікке жалғанып жазылып тұр екен. Олай болмайды, көше атауы тек қана қазақ тілінде немесе үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылып тұруы керек. Видео түсіргеніме көп бола қойған жоқ, одан бері өзгертіп қойды ма екен білмеймін. Қалалық мәдениет бөлімі мен әкімдіктен әлі ешқандай хабарлама берілген жоқ.

- Ал көшелердің атын ауыстыру туралы пікіріңіз қандай? Қазақстанда жиі ауысатын секілді. Мысалы, Өскемендегі қазіргі Назарбаев даңғылы бұрын Тәуелсіздік даңғылы болған… 

- Бұл енді саяси сұрақ. Менің ойымша, болашақта бұл даңғылға Тәуелсіздік даңғылы атауын қайтарсақ дұрыс болар еді. Біз қазақ елінде тұрғаннан кейін көше мен даңғыл атауы тек қана қазақ тілінде болуы тиіс.

- Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбат алған: Әділ Әуезхан

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив


Соңғы жаңалықтар