"Даниал Ахметовтің үстінен арыз түсті ": Абзал Құспан әкімдік жанындағы орталықты тексеруді сұрады


ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 7-06-2024, 12:46 0

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның әлеуметтік желідегі парақшасынан скрин

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Өскемен мен Семей қалаларындағы көше шамдары мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан әкімдігі шетелден бірнеше миллиард несие алып, оның үстіне бюджет ақшасын қосқанымен, жарықтандыру мәселесі оңалмай келеді.

  • Мәселе миллиардтаған қаражатқа қойдырған шамдардың басым бөлігінің жанып кеткендігінде және кепіл уақыты ішінде ауыстырылмауында. Нәтижесінде, Өскемен мен Семейде көше жарығы жоқ, алайда ол жағдай екі облыстың бюджетін ЕБРР алдындағы қарыз міндеттемелерінен босатпайды, - дейді депутат.

Расымен, ЕБРР (Европа қайта құру және даму) банкінен 3, 6 млрд теңге несие алынып, оған қосымша бюджет тарапынан 1, 2 млрд  салынған еді. Жиыны 4, 8 млрд.

Мәжіліс депутаты бұл жобаға ШҚО-ның бұрынғы әкімі тарапынан жеке лобби жасалған деп ойлайды. "Бұған дәлел ретінде оның ЕБРР-дың Лондондағы офисіне келіссөз жүргізуге өзі барғанын айта аламын" дейді депутат.

- Бір кездері жалғанды жалпағынан басып, Елбасының сенімді адамы атанғандардың жыры әлі талай жылға азық болатын түрі бар. Соның бірі, жоқ бірегейі – Даниал Ахметовке қатысты арыздар легі тоқтар емес, деді депутат.

Абзал Құспан күмәнді келісімге қатысқан екі компания - ШҚО әкімдігі ашқан «ШҚО аймақтық мемлекеттік-жекешелік әріптестік» орталығы және Тайваньда тіркелген «Everlight Electronics Co. LTD» компанияларын тексеруді сұрайды.

- Яғни, ұршықта айналған жіпті шетінен тарқататыны сияқты, тексеруді әкімдік жанынан құрылған мекемеден бастаса біраз дүниенің басы ашылары анық.  Осыған байланысты, Шығыс Қазақстандық ағайындардан түскен арыз бен өзім тарапынан қосымша сұратып алынған құжаттарды, тиісті құқық қорғау органдарына өз талдауыммен қоса жолдайтын боламын, - деп түйіндеді ол.

Көше шамдары мәселесі барын ШҚО-ның қазіргі әкімі Ермек Көшербаев та айтқан. Ол орынбасары мен Өскемен әкіміне мәселені шешуді тапсырған. 

  • Қандай түсініспеушілік болып жатыр? Басын ашып, мәселені шешсеңіздерші. Бұл деген Еуропаның қайта құру және даму банкінен алынған несие ғой. Оны халық ақшасынан қайтарып жатырмыз. Негізінде бұл несие бюджет ақшасын үнемдеу мақсатымен алынған болатын. Яғни, қазіргі заманғы технология мен энергия үнемдейтін шамдар орнатып, электр қуатын үнемдеуіміз керек болған. Белгілі уақытта бұл нәрсе шығынның орынын жабуға тиіс еді. Бірақ керісінше болып кетті. Ендеше неге бұл шаруамен айналыстыңыздар? Меніңше, мәселе менеджменттен немесе келіспей әрекет етуден туындаған секілді, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Қала әкімдігі мәселе алдағы уақытта реттеледі деген болатын.

Өскемен мен Семейдегі жарықтандыру жыры талайдан бері көтеріліп келеді. Қоғам белсенділері билікке сын айтады. Азаттық радиосына пікір білдірген қоғам белсендісі, журналист Денис Данилевский бұл жобаға несие алып, мол қарызға батпай, бюджет ақшасына істеуге де болар еді деген. 

Абзал Құспан "Шығыс Қазақстандық ағайындардан түскен арыз бен өзім тарапынан қосымша сұратып алынған құжаттарды, тиісті құқық қорғау органдарына өз талдауыммен қоса жолдайтын боламын" деді.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив