ШҚО әкімі Ермек Көшербаев «Обожаю» ютуб-арнасының авторы Асхат Ниязовқа берген сұхбатында былтыр желтоқсан айында Риддерде су басқан үй иелерінің өтемақы алу-алмауына байланысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Bizdin Oskemen сайтының тілшісі.
- Естіген шығарсыз, «ЛК ГЭС» компаниясы қыста мезгілсіз көтерілген судан зардап шеккен жеке тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарын жүргізуден бас тартқан болатын. Менің орынбасарларым компания басшыларымен кездесіп, арнайы комиссия құрып, шығындарды есептеуді бастады. Егер де олар тұрғындарға өтемақы төлемейтін болса, онда біз сотқа береміз. Барлығын заң жүзінде шешіп, сот үкімі арқылы бәріне өтемақы төлетеміз, - деді ол.
Еске сала кетейік, былтыр желтоқсанда Риддерде Хариузовка өзенінен асқан су үш жеке үй мен бірнеше үйдің ауласын басқан болатын. Содан бері тұрғындар өтемақы ала алмады.
Мәселе «ЛК ГЭС» компаниясы бөгендегі суды тұрғындарға ескертпей өзенге жібергеннен кейін туындады.