2023 жылдың 3 наурызынан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қолданысқа енгелі борышын өтей алмайтын азаматтар банкроттық туралы өтініш бере алады.
Бұл рәсімнің 3 түрі бар. Олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитордың борышкерді банкрот деп жариялау жайлы өтініш беруге құқығы болмайды.
Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы төмендегідей кейбір талаптарды сақтауы керек:
- борыш 5,52 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
- кредит 12 ай бойы өтелмеген болса;
- меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
- мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуы тиіс.
Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар жүгіне алады. Соттан тыс банкроттық «электрондық үкімет» порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.
Соттан тыс банкроттық «Электронды үкімет» порталы арқылы жүргізіледі. Азамат банкроттық туралы өтінішті «Электронды үкімет» порталы, «E-salyg Azamat» мобильді қосымшасы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы бере алады. Содан соң ақпараттық жүйеде борышкердің критерийлерге сәйкестігін анықтау үшін мүдделі мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.
Екінші рәсім – сот банкроттығы. Азаматтар аталған рәсімді 1600 АЕК-тен астам борыштар бойынша (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрі бойынша қолдана алады. Сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады. Алайда бұл жерде ескеретін тұстары бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. Қалған өтелмеген сома борышкердің мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат ұсыну белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады.
Сот арқылы банкроттық рәсімін қаржылық басқарушылар жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.
Қаржылық басқарушылардың көрсететін қызметтері ақылы болып келеді. Олардың қызметтеріне ақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі (бір айдағы 1 ЕТЖ, 2023 жылы – бұл 70 мың теңге).
Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолдана алады, ол борышты 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін сот арқылы алуды көздейді. Жалғыз шарт – қарыз көлемі борышкер мүлкінің құнынан аспауы тиіс. Бұл рәсім де сот арқылы жүзеге асырылады. Яғни, азаматтар өзі тұратын жердегі жергілікті сот органдарына жүгінуі керек.
Қалпына келтіру шараларына мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату, құны төмен тұрғын үйге айырбастау және басқа да шаралар жатады.
Бұл рәсім жоғарыдағы екі түрлі рәсімнен тиімдірек, себебі салдары жеңіл, тіпті жоқ деуге де болады. Мұндай азаматтарға «банкрот» деген мәртебе берілмейді. Несие алуға шектеу жоқ, қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілмейді. Қарызын 5 жылға дейін бөліп төлей алады. Төлем қабілетін жақсарту үшін қаржы кеңесшісінің көмегіне жүгіне алады. Қарызының бір бөлігін есептен шығаруға мүмкіндік алады. Егер сот борышкерге төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаса, қаржы менеджері бір ай ішінде борышкермен бірге төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын жасауы керек. Жоспар бес жылдан аспайтын мерзімге жасалуы тиіс. Содан соң сот жоспарды қарап, оны бекітеді немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату туралы шешім қабылдайды. Айта кетерлігі, мұндай рәсімдерге борышкердің өзі ғана бастамашы бола алады.
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкер мынаны білгені дұрыс:
-5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады (ломбардтардың микрокредиттерін алуды қоспағанда);
-қайта банкрот болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады;
-банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 19 маусымда Заңға түзетулер енгізілген. Олар келесіні көздейді:
1. Рәсімдерді қолдану негіздерін қайта қарау:
- төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін қарыздар бойынша мерзімін өткізіп алудың болуы және мүліктің болуы міндетті болып табылмайды;
- соттан тыс банкроттық рәсімін жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттары, қарыз (несиелік) шарттары және микрокредит беру туралы шарттары бойынша талап ету құқықтарына ие барлық ұйымдар, соның ішінде лицензиясынан айырылған, тарату сатысында тұрған, тиісті тізілімнен шығарылған ұйымдар алдындағы міндеттемелер бойынша қолдануға болады.
2. Соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш беруді жеңілдету:
- борышкер өтініште кредитор туралы, борыш сомасы туралы мәліметтерді көрсету және оған қандай да бір құжаттарды қоса беру міндетінен босатылады.
3. Соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану үшін төлемнің болмау мерзімін есептеуді нақтылау:
- борыштары бойынша 1 АЕК-тен кем төлемдер өтеу болып есептелмейді, ал ал коллекторлық агенттікке берілген шарттар бойынша өтеудің болмау мерзімі құқық (талап) берілгенге дейін соңғы төлем жасалғаннан күннен бастап есептелетін болады.
4. Реттеу мерзімін өзгерту:
- егер төлемдердің болмау мерзімі 12 айдан асса, қарызды реттеу талап етілмейді.
Бұл түзетулер 2024 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кету керек, Заң аясында азаматтарды міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өткізу көзделген. Бұл шаралар азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.