ШҚО әкімі Ермек Көшербаев «Обожаю» ютуб-арнасының авторы Асхат Ниязовқа берген сұхбатында Күршім ауданы Маралды ауылына баратынын айтты, бірақ нақты мерзімді тағы да атап көрсеткен жоқ, деп хабарлайды Bizdin Oskemen сайтының тілшісі.
"Маралдыға барамын, бірақ қашан екенін білмеймін, әйтеуір барамын", деді әкім.
Айта кету керек, Ермек Көшербаев былтыр күзде Маралдыға баратынын білдірген, бірақ қашан екенін айтпаған. Ол ауылға баратынын айтып уәде берген тұста ауылдың әлеуметтік мәселесін шешуге әдеттегіден мол қаржы бөліне бастаған.
«Маралды ауылдық округіне биылға дейінгі 4 жылда мемлекеттік бюджеттен 500 млн теңге бөлінсе, осы жылы 1 млрд 400 млн теңге бөлінген. Маралды ауылына баратын жол жөнделмек. Ауыл ішіне қазірдің өзінде асфальт төселген, мәдениет үйі жөндеуден өткен. Ауыл емханасының фельдшерлік-акушерлік бөлімі кеңейтілген. Ендігі кезекте полиция бөлімі мен мектепті жөндеу жоспарланып отыр», - деді ол.
Маралды ауылының іргесінде 2022 жылдан бері алтын өндіретін фабрика салынып жатыр. Тұрғындар оның ашық әдіспен кен алып, оның құрамындағы алтынды цианид қоспасымен ажыратып алатынына қарсы болып келеді. Компания өкілдері сақтық шаралары бұзылмайды деп сөз береді. Халық облыстың бұрынғы әкімін де, қазіргі әкімін де бірнеше рет шақырған. Алдыңғы әкім ауылға сол күйі бармады, қазіргі әкім де әзірге ат ізін салған жоқ.
ШҚО әкімі кәсіпорынның жабылуына ешқандай негіз жоқ екенін айтады.
- Кәсіпорын заң аясында жұмыс істеуге тиіс. Егер оның жұмыс істеуіне қарсы заңды негіз болса, онда біз кәсіпорынның жұмыс істеуін тоқтатар едік. Ал ондай негіз болмаса, оны жабуға хақымыз жоқ. Бұл мәселе бойынша екі сот отырысы болды. Кәсіпорынның жұмысы еш заңға қайшы келмейтіні анықталды, шешім шықты. Бәріміз заңға бағынуымыз керек, - деді ол.
Әкім "халық тағы да сотқа беріп, бас прокураторура өкілдерін шақыра алады" дейді.