ШҚО әкімі Ермек Көшербаев «Обожаю» ютуб-арнасының авторы Асхат Ниязовқа берген сұхбатында Өскемен - Бұқтырма арасындағы жолдың жай-күйі туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Bizdin Oskemen сайтының тілшісі.
Журналистің айтуынша, бұл аралықтағы жолдың жағдайы мәз емес. Туристер жиі шағынады.
Ал әкім жолдың нашарлығымен келіседі, бірақ жөндеу өзінің құзыретінде емес екенін айтады.
- Республикалық және облыстық дәрежедегі жолдар бар. Бұқтырмаға баратын жол – республикалық дәрежедегі жол саналады. Ал ондай дәрежедегі жолдарды жөндеу мәселесі жол-көлік министрлігінің қолдауымен жүзеге асады. Кейбір мәселелер оң шешімін тауып та қойды, - деді Ермек Көшербаев.
"Бұқтырмаға баратын жол нақты қашан жөнделеді?" деген сұраққа әкім "білмеймін, бірақ биыл екені анық" деп жауап берді.