Абаш аға, сіз қазір қайдасыз?


Басты 21-05-2024, 16:52 0

Абаш Кәкенов ағамыз қазір 68 жаста екен. Өскемен қаласында тұрады. Сәл-пәл «әдемі» қартайғаны болмаса, домбыра тартысы, ән айтысы бәрі сол қалпында. Тіпті сол асығыс сөйлегенде сөздерінің бірі түсінікті, бірі түсініксіз зуылдағы да өзгермеген. 
 

«Аға, қазір қайда жүрсіз?» деген сұраққа: «отырмын ғой міне алдыңда» деп бір кеңкілдеп күліп алды.


— Қазір пенсиядағы шалмын, үйде жатырмын ұлым Дарынның жанындамын, тойдан қалмаймын, сол беташар, құдалық... Айтпақшы осы жолы Қарағандыдағы Сары тентек Қуаныш ақынның тойына барып қайттым. Мен өнерде жүргелі 50 жыл болыпты, айтыста жүргелі 35 жыл, айтысты да сағынады екенсің, деп әңгіменің тиегін бірден ағытты.


Абаш ақын айтады:


Жас кезімізде айтыстың жүлдесіне ішінде Лениннің басы бар грамота алатынбыз. Одан кейін кілем, жылқы кейін теледидар мен тоңазытқышқа дейін ұтатын болдық. Алған жерімде сыйлықтың көбін көңілім түскен адамға атап байлап кете бердік қой. Бір айтыста баяғыда, қай жер екенін ұмытып қалыппын үлкен тоңазытқыш ұтып алып, ол пойыздың есігіне сиғыза алмай оны да сол көтерісіп келген біреуге байлап кеткенім есімде. Оны естіген жеңгең үйде отырып бұлқан-талқан ашуланатын. Айтысқа бәйге немесе қымбат сыйлық үшін ешқашан  қатысқан емеспін.  


Баяғыда бір қызық болды. Ұмытпсам 1996 жылдың кезі, облыс әкімі болып Қажымұрат Нағманов деген азамат тағайындалған. Әкім Тарбағатайға келеді ғой. Ол кезде ауылдамыз, «Қазақстан» совхозында. Облыс басшысы «ақынға сәлем беремін» деп арнайы ауылға келіпті. 
Сол кезде маған қолындағы алтын сағатын, оның үстіне АҚШ-та өткелі жатқан Атланта Олимпиадасына баратын өзінің жолдамасын да бере салған. Жанында еріп жүрген 13 адам бар екен, кәсіпкерлер ме сол кездегі аудан әкімдері ме білмеймін. Әрқайсысына: «Абаштың жолына 1 мың доллардан тауып бересіңдер» деп тапсырманы да сол жерде міндеттеп қойды.  Содан 10 мың долларды қалтаға басып Америкаға кеттім. Олимпиададан келсем жеңгең буынып-түйініп, бала-шағаны киіндіріп қала жаққа көшкелі жатыр екен. «Ол қалай?» десем. Әлгі 13 адамның үшеуі ақшасын мен кеткен соң кешігіп әкелген ғой. Жеңгелерің 3 мың долларға мен келгенше Өскемен жақтан үй алып жіберіпті. Ауылдан қалаға солай көштік.


— Атақ-абыройға да онша қызыпаушы едім, соның өзінде біраз атақты беріп тастады, деп күлді Абаш аға.


— Қазір үкіметтің 140 мың теңге пенсиясы бар, бірақ келіншегім алады. Өзім сол ел қатарлы қоңыр тірлігім кешіп жатырмын. Ұлым Дарынның жанындамын. Осы Өскемендемін ешқайда кеткен жоқпын, құдайға шүкір, денсаулық бірқалыпты. Өзгеріп кеткен ештеңем жоқ, дейді Абаш ақын.


Дарын Нұрсапар

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив