6 маусымда Өскемен қаласы әкімінің қабылдауына "Яндекс. Такси" компаниясының серіктесі, кәсіпкер Марат Рахымжанов келді. Ол электромобильдерге арналған зарядтау станцияларын салу үшін жер учаскелерін беру туралы өтініш жасады, деп хабарлайды YK-news.kz.
- Біз электромобильдер сатып алғымыз келеді, - деді Марат Рахымжанов. — Бірақ мұндай көлікті сатып алған жағдайда бізде қуаттайтын станциялардың жоқтығы мәселе туғызады. Сондықтан мен бізге көмектесіп, осы станцияларды орналастыру үшін орын бөлуді сұраймын.
Марат Рахымжановтың айтуынша, станцияларды тек компания қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар қаланың барлық тұрғындары да пайдалана алады.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бұл мәселе шынымен де өзекті екенін атап өтті, өйткені бүгінгі таңда қалада 200-ге жуық электромобиль бар. Алайда, шенеунік пен оның қарамағындағылар кәсіпкерге ең алдымен станцияларды қолданыстағы жанармай құю бекеттері, супермаркеттер, тамақтану орындары және т.б. сияқты ірі коммерциялық нысандардың аумағында орналастыру туралы келіссөздер жүргізуге кеңес берді.