“Жер-Ананың адамға айтар арызын жеткіздім”. Кітап жазған Өскеменнің жас ақынымен сұхбат


Басты 11-07-2024, 15:27 0

Бүгінгі күнде өмірің өлеңмен өрнектеп,қара сияны қасына серік етіп жүрген ақындар баршылық. Қолына қалам ұстап, ақындықты жанына жалау еткен Өскемендік жас ақын Бекарыс Нұрамхан да бүгінгі заманның шабытты қаламгері. «Ақын еңбегінің жалғыз өлшемі – оның адам жүрегіне қанша жақындай алғаны» деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, ақын үшін оқырманның жүрегінен жол тауып, ыстық ықыласына бөленуден асқан бақыт жоқ. Бекарыстың мақсаты айқын әрі нақ - оқырманға салмақты ой тастап, жүрегіне жететіндей шығармаларды жазу, шығару. Қазіргі таңда жас ақынның 60 беттен тұратын «Арыз бен парыз» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Айта кету керек, ол Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті. Жас та болса ақындық өнерімен көзге түскен Бекарыспен біз де сұхбаттасқан болатынбыз. Ендеше, назарларыңызға жас ақынмен сұхбатымызды ұсынсақ.

- Қайырлы күн, Бекарыс! Алдымен сұхбатымызды бастамастан бұрын өзіңіз жайлы айта кетсеңіз.

- Мен Глубокое ауданы, Малоубинка ауылының тумасымын. 2012 жылы мектеп табалдырығын Малоубинка орта мектебінде аттадым. 2023 жылы осы мектепті тәмамдап, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне, филология факультетіне оқуға түсіп,қазір 1 курсты бітірдім. Бала күнімнен сөз өнеріне жақын болдым. Тәлімгерім Лира Өмірбекқызының арқасында көптеген әдеби бәйгелерде көш бастап, Малоубинка ауылының қоржынына талай жүлде әкелдім. 2023 жылдың 4 желтоқсанында 27 ең үздік өлеңнен құралған  алғашқы жинағым жарық көрді

- Кітап жазу туралы ой қалай пайда болды?

- Кітап жазу туралы ой мектеп қабырғасынан бері санамда жүрді.Уақыт өткен сайын шамам келгенше өзімді осы бір поэзия әлемінде шыңдап, алдыңғы аға буын өкілдерінің шығармашылығымен таныс болып, жалпы айтқанда сол тұлғалар сияқты оқырманға өз туындыларымды паш ететін жұлдызды сәтімді күтіп жүрдім.Кейін өткен жылдың қазан айында сол бір сәттің келгенін іштей түсініп, алдымен Алланың, кейін ата-анамның, тәлімгерлерімнің қолдауымен белді бекем буып, тәуекел етіп кітап жазуды қолға алдым. Өлең деген ұлы өнерге жасымнан жуық болып өстім. Бала Бекарыстың балғын шабыты араға уақыт салып, өсіп жетіліп, бұғанасы бекіп, көпшілікке таныс болуы осылай басталған еді.

- Ақындық қабілетіңіз жүре қалыптасты ма жоқ әлде туа біткен дарын ба?

- Менің ойымша, бұл қабілет Алланың бойыма дарытқан бір қасиеті. Сол себепті де мұны мен туа бітті дарын деп есептеймін.Әріп танып,сауат ашқалы өлеңге жақын болып, бала кезімнен осы бір өнердің жалына жармастым.Негізінен өлең жазып үйрену бәлкім мүмкін нәрсе шығар. Алайда туғаннан болмысына ақындық біткен деген мүлдем басқа. -

- Енді кітабыңыз жайлы әңгіме өрбітсек. Кітап қанша беттен тұрады және жалпы мазмұны не туралы?

-   Кітапқа соңғы 2 жылда жазылған ең таңдаулы деген өлеңдер енгізілді. Жалпы 60 беттен тұрады. Әлбетте бұл ауыз толтырып айтарлықтай көлемдегі дүние емес.Бірақ алдағы уақытта шығармашылығымның өрісін кеңейтуге тырысамын. Кітапта әр түрлі тақырып тұрғысында қалам тербеп, өз ойларымды жаздым.Патриоттық сарындағы, қазіргі кездегі ғаламдық өзекті проблемалар туралы, сонымен қатар лирикалық өлеңдермен де толықтырдым.

Неліктен кітап «Арыз бен парыз» деп аталды?

- Оқырман тарапынан осындай сауал болатынын әуел бастан біліп, алғы сөзге осы жайында жаздым. Мазмұны бойынша бұлай аталу себебі қазіргі таңда шарайнаны түгел жалмап, бүкіл әлемге мәселе болып отырған жайттар көп.Оның үстіне бар кесапаттың бәрін адамзат өз қолымен жасап жатыр.Тақырыптағы арыз деген ұғым бұл жер ананың бізге деген өкпе, назы яки наразылығы болса, парыз деген ұғым сол біз өзіміз қолмен жасаған қасіреттің алдын алып, қоғамды, табиғатты, қоршаған ортаны ретке келтіру айнымас парызымыз екенін жеткізгім келді.

Өзіңіз сүйіп оқитын қазақтың қаламгерлерінен үлгі тұтатын тұлға бар ма?

- Жалпы кез келген ақынның бойтұмары іспеттес тұлға мұзбалақ ақын Мұқағали шығар.Менде Мақатаевтың өлеңдерін қашан да өзгеден оғаш көремін.Поэзияның майталманы да сол кісі деп білер едім. Одан бөлек қазіргі жас ақындардан өз ағам, қаламы қарымды, адуынды ақын  Жеңіс Оразайдың өлеңдерін де аса таңданыспен оқимын. Оразай мен үшін қаламыздың жаңа, жас классиктерінің бірі де бірегейі.

- Қалай ойлайсыз, кітап жазу үшін не нәрсені басты ұстаным ету керек?

- Кітап жазудағы басты ұстаным, айнымас қағида - оқырманға ой салу мақсатында болу керек. Өлең деген жай тамсанып қоя салатын нәрсе емес. Ол үлкен идеологияның қайнар көзі іспеттес. Сондықтан кітап жазғанда бір үлкен ойдың желкенін көтеріп, бір үлкен идеяны көтеруді мақсат тұту керек.Сонымен қатар, әлбетте еңбек етіп, тер төгу шарт. «Әр адам өз еңбегінің ғана қарымын алады» деп «Нәжм» сүресінде айтылғандай, тоқтамайтын талпыныс та аса қажет.

- Ақындарда шабыт деген керемет дүние бар ғой. Әр ақынның шабыты әрқалай келеді. Өзіңіз шабытты неден аласыз?

- Шабыт деген ақын үшін өте бір ғаламат нәрсе.Өлеңдерімнің өзегі де осы шабыт.Менің шабытым көбіне таңдаулы ақындарымның өлеңін оқығанда немесе тұмса табиғаттың көрікті келбетіне қанық болғанда, кербез түннің тыныштығында, күйбең тіршіліктен жүрегім бір дамыл тапқан сәттерде келеді.

- Шабыттанып жазған өлеңдеріңізге тақырып қалай туады?

- Өлең кейде бір ақынның тұнып тұрған өмірбаяны. Бұлай деуімнің себебі мен өз басым өлеңіме басымнан өткенді, көзіммен көргенді, маған ерекше әсер еткен жайттарды, өмірімде шын мәнінде орын алған оқиғаларды жазамын.Өлеңімнің тақырыптары өмір жолымның даңғылымен тең десем артық айтпаған болар едім.

- Сұхбат соңында алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

Енді бұл жайында әлі көпшілікке, бұқараға, тіпті тірі жан баласына айтпаған едім. Бүгін сіздерге бір сырымды ашу бұйырып тұр екен. Алдағы уақытты Алла қаласа тағы бір кітапты жазуды қолға алмақшы ойым бар. Бірақ бұл кітап форматы, тақырыбы жағынан мүлдем өзгеше болмақ. Өзім үшін бұл өлең тұрғысында өзіме үлкен жаңалық болғалы тұр. Қазіргі таңда әзірге материалдар жинақтау жұмыстарын жасап жатырмын. Осы бір кітап жарық көретін болса сөзссіз шығармашылығымдағы айрықша бір жаңа толқын болар еді. Келешекте сіздермен тағы да осы тұрғыдағы ойларыммен бөлісемін деп сенемін.

Сұхбатыңызға рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!


Әдемі Амангелді


Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив