Өскеменде жаңа жылу электр орталығы салынғанымен ескі ЖЭС-тер жабылмайды. Бірақ 5 қазандықтың жұмысы тоқтатылады. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов Bizdiң Өskemen сайтының тілшісіне айтты.
Өскемендік экологтар жаңа ЖЭС салынса, қолданыстағы үлкен ЖЭС-ті жабу керек деп есептейді. Олар ЖЭС қаланы ластаушы ең ірі екі кәсіпорын болғандықтан, біреуі ғана жұмыс істегені дұрыс, екеу қалаға ауыр болады деп есептейді.
Бірақ әкімдік әзірге ондай жоспары жоғын білдірді. Дегенмен бірнеше қазандықты тоқтатамыз дегенді айтады.
— Қолданыстағы станция тоқтатылмайды. Бірақ Меновное, Ахмер кенттері, Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы және Ұлан ауданындағы құс фабрикасының қазандықтары жабылады деп жоспарланып отыр. Жиыны бес қазандық жабылады, — деді Нұрлан Рамазанов.
Оның айтуынша, жаңа жылу электр орталығы салынса, қаланың сол жағалауын қамтиды. “Өскемен” ЖЭС-і қаланың оң жағалау бөлігін, “Согра” ЖЭС-і әдеттегіше Согра елді мекені маңайын жылумен жабдықтайды.
Бірнеше ЖЭС бір қаланың экологиясына салмақ болмай ма деген сұраққа шенеунік былай деп жауап берді:
— Біздің экологиялық кодекс әлемдік стандарттарға сәйкес келтірілген. Жаңа жылу электр орталығы да осыған негізделеді, қоғамдық кеңесте талқыланады, экологиялық сараптамадан өтеді. Сонымен бірге болашақта газға қосуға болатындай етіп салынады, — деді ол.
Айта кету керек, былтыр Қазақстанның үш қаласында (Өскемен, Семей, Көкшетау) жаңа жылу электр орталықтары салынады деп хабарланған. Құрылысты ресейлік “Интер-РАО” компаниясы жүргізбек. Үш ЖЭС те көмірмен жұмыс істейді, бірақ кейін газға ауыстыруға бейімделіп жасалынады.
Тәуелсіз экологтар биліктің көмір жағатын ЖЭС салу жоспарын сынаған. Эколог Роман Честных “Көкшетау мен Семейдегі қазандықтарды тоқтатып, жылу электр орталығын салу көңілге қонады. Ал екі ЖЭС-і бар Өскеменге тағы бір көмір станциясын салу ақылға қонбайды” деген болатын.
Ал тағы бір эколог Дәулет Асанов жасыл энергияға көшу саясатын “көмір лоббиі тежеп отыр” деген пікір айтқан.
Үкімет шығыс пен солтүстік өңірлерді газдандыру жоспары барын көптен бері айтып келеді. Газды не Ресейден, не елдің батысынан тартамыз дейді. Бірақ бұл жоспар сөз жүзінде айтылғанымен, әлі орындалған жоқ.