ТМК-дағы жағдай: ШҚО әкімі нақты тапсырма берді

ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты Бүгін, 11:46 0

Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Өскемен титан-магний комбинаты» кәсіпорнында болған оқиғадан кейін барлық кәсіпорындар үшін бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды.

Облыс әкімі Қытай еліндегі жұмыс сапарын үзіп, өңірге оралды. Оқиға орнына барып, кәсіпорын басшылығымен кездесіп, жағдайды талқылап, жедел штаб отырысын өткізді.

Кездесуден кейін кәсіпорын аумағында Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің және ШҚО экология департаментінің өкілдері облыстық прокуратураның қолдауымен тексеру жұмыстарын бастап кетті. Тексеріс барысы мен нәтижесі облыс басшылығының және «Өскемен тынысы» экологиялық қорғаныс бюросының жеке бақылауында.

Кеше анықталғандай, шекті рұқсат етілген концентрациялардың артуы тіркелмегенімен, кәсіпорында шынымен де штаттан тыс жағдай орын алған:

– Сол күні комбинатта №3 хлорлау қондырғысының конденсация жүйесін жоспардан тыс профилактикалық тазалау жұмыстары жүргізілген болатын. Жұмыс барысында гарнисаж құлап, нәтижесінде газоөткізгіш бітеліп қалған. Біздің сынақ зертханасының мамандары санитарлық-қорғау аймағының шекарасында ауадағы хлор мөлшерін әр екі сағат сайын тексеріп отырды, ешқандай артық мөлшер тіркелген жоқ, – деді «Өскемен ТМК» АҚ өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек қорғау және қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Ринат Амиров.

Өңір басшысы осындай жағдайлар туындағанда әрекет етудің кезең-кезеңімен жүзеге асатын алгоритмін әзірлеу қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар барлық өндірістік алаңдарда тиісті оқу-жаттығулар өткізу керек. 

– Ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығы.Төтенше жағдайлар кезінде ашықтықты қамтамасыз етіп, халық арасында дүрбелең тудырмай, нақты әрі уақтылы ақпарат беру өте маңызды. Жалған ақпараттың таралуына жол берілмеуі тиіс, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыстық жедел штаб отырысында өңір басшысы тиісті мекемелердің есептерімен танысты. Қазіргі таңда ауа сапасына жүргізілетін мониторингті күшейтуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің төтенше жағдайларға дайындығын арттыруды және мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен халық арасындағы жедел әрі ашық коммуникация арналарының жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив