Волонтерлік - риясыз қызмет пен ізгіліктің нышаны


Басты 19-07-2024, 14:48 0

Волонтер – қоғам үшін риясыз қызмет ететін әрі көмегі үшін ақы алмайтын адам. Қазақ халқының дүниетанымында өзгеге көмектесу, қайырымдылық жасау байырғы заманнан қалыптасқан қасиет. Қазіргі таңда осы сабақтастықты үзбей, мұқтаж жандарға көмектерін аямай жүрген волонтерлер аз емес. Олардың мақсаттары бір – әлемге мейірімділік пен қамқорлықтың шуағын шашу. Аталған волонтерлерден құралған ұйым Өскеменде де бар. 2020 жылы 31 қаңтарда құрылған ұйым жыл сайын түрлі қайырымдылық іс-шараларын өткізіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Біз ұйымға қарайтын қалалық «Jastar» орталығының директоры Бақытжан Ерболқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

«Волонтерлік ұйым 2020 жылы 31 қаңтарда құрылды. Осы уақытқа дейін 500-ге жуық қайырымдылық шарасы өткізілді. Өскемен қаласында барлығы 600 волонтер бар. Жалпы волонтерлерді шақыратын жандар өте көп. 4 мезгілдеде шақырады. Әсіресе зейнеткерлер, көп балалы жалғызбасты аналар. Волонтерлік ұйымға кез-келген адам кіре алады, ең бастысы бізбен бірге қайырымды істерді жасауға деген қызығушылығы болса болды», - дейді Бақытжан Ерболқызы.

Волонтерлер қаламыздағы, тіпті республикамыздағы барлық қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайды екен. Мәселен, осы жылы болған су тасқыны кезінде зардап шеккен жандарға өз көмектерін көрсетіпті. Осы жайында толығымен орталық директоры айтқан болатын. 

«Өскеменде жастар арасында волонтерлік жақсы дамыған. Жыл сайын әртүрлі іс-шаралар өткізіледі, барлығына қатысамыз. Есте қалғандары да жоқ емес. Мәселен, осы жылы бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы. Сол уақытта қаламызды тазарту, көркейту мақсатында әрбір жерге еріктілер жұмылдырылған болатын. Ағаш отырғызу үшін аудандарға да барғанбыз. Одан бөлек, қыс мезгілінде «Жылулық сыйла» акциясы болады. Аязды күндері қаланың коммуналдық қызметкерлері мен тұрғындарына ыстық шай таратқанбыз. Қатты суықта белсенді волонтерлер шынайы ниеттерімен шыққан болатын. Су тасқыны болған облыстарға гуманитарлық көмек жіберу кезінде біздің волонтерлер өте күшті еңбек атқарды. Олардың ішінде студенттер ғана емес мектеп оқушылары да болды», - дейді орталық директоры. 

Адамның жанын зерттеген Виктор Франкл: «Өмірдің мәні – өзгеге қуаныш сыйлау. Адамға риясыз қызмет ету арқылы өзіңді де, оны да шаттық сезімге бөлеу» деп айтқан болатын. Сондықтан болар өзгеге қуаныш сыйлау үшін аяңбай көмек көрсетіп жүрген жандар жылдан-жылға көбейіп келеді. Дәл сондай қаламыздағы белсенді волонтерлердің бірі Авдил Мадинамен тілшіміз тілдескен болатын. 

«Менің жасым 19-да. Өскемен жоғары медициналық колледжінің 3-ші курс студентімін. Анам кішкентай кезімнен мені жақсы , игі істер жасауға баулыды , анамның махаббаты маған мейірімділіктің , адамгершіліктің не екенін ұғындырды. Сондықтан болар көшеде кетіп бара жатқанда, аязды күндерде дала да қалып қоятын, үйі жоқ, басқа да қажеттіліктерге мұқтаж жандарды байқайтынмын. Оларға шамам жеткенше көмектесіп, жылы киім, тамақ, ақшалай да көмектесіп тұратынмын. Бірақ өзімді волонтер ретінде санамайтынмын. Содан 2023 жылы Қаламыздың жастарына арналған арнайы Фронт офис волонтерлік командасы бар екенін білдім . Қарап, бақылай отыра игі істерді команда болып жасасақ нәтиже беретінін түсініп, сол жылы 12 желтоқсанда осы қалалық Фронт офисі еріктілері тобына қосылдым. Волонтер болудағы мақсатым - өмірде әлі де жақсы адамдар бар екенін , біреуге сенуге болатынын , көмекке зәру жандардың өмірде жалғыз емес екендерін дәлелдегім келеді. Есімде қалған қайырымдылық іс-шарасы - ⁠”Жылулық сыйла “ акциясы. -40 градус аязда ерінбей еңбек етіп жүрген жандарға жылулық сыйлап, олардың батасын , ыстық лебіздерін есту, тоңып тұрғанда мен үшін жүрегіме жылы сезім ұялатты. Волонтерлік ұйымға келетін болсақ, ол маған көп нәрсені үйретті , өзім сияқты еріктілермен жаңа таныстық , жаңа орта таптым . Әртүрлі жағдайларды көру арқылы адамдарды да кеңінен тани бастадым . Және де үлгі аларлық тұлғалармен де танысып еріктілік жайлы таңылымымды кеңейттім», - дейді Мадина.

Бүгінде дүние жүзінде волон¬тер¬лікпен айналысу үрдісі кең тара¬лып, әлемдік қозғалысқа айнал¬ғаны белгілі. Мәселен, әлем¬дік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волон¬¬тер¬лікпен айналысады. Хакім Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзі осыған дәлел. Волонтерлік ұйымның мүшесі әрі басшысы болған Айдана Алтайбекқызы да Хакім Абайдың сөзін іс жүзінде көрсетіп жүргендердің бірі. 

«Мен фронт офисте жарты жылдан аса басшылық еттім. Барлық қайырымдылық науқандарына, іс-шараларға бірге қатыстық, ұйымдастырдық. Қыс кезінде әсіресе, жалғызбасты немесе мүмкіндігі шектеулі қарт тұрғындарымызға қалың жауған қарды есік алдынан тазалауда еңбегіміз көрінді. Көктемде “Таза Қазақстан” акциясы басталған кезде де, еріктілеріміз көптеп ат салысты әрі ат салысып келеді. “Таза ойындар” сияқты шараларды бірнеше мәрте ұйымдастырып, 1000-нан аса қоқыс қаптарын жинадық. Сол сияқты жұмыстарды атқарып, қаламыздың көркеюіне үлес қоса алдық. Белсенді, еліне жанашыр жастармен бірге жүргеніме өте қуаныштымын», - дейді ол.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив