Риддерге жаңа мектеп салынатын болды


АУДАНДАР 29-04-2024, 01:50 0

Кеншілер шаһарында 600 орындық жаңа мектеп Шығыс Қазақстан облысы мен Риддер қаласы әкімдіктерінің, сондай-ақ «Казцинк» компаниясының арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында салынады.

 

Моноқалаларда әлеуметтік инфрақұрылымды, оның ішінде білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Риддер әкімдігі жаңа мектеп ғимаратының құрылысына орын белгілейді және барлық қажетті инженерлік коммуникациялардың тартылуын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Мектеп құрылысын қалақұраушы кәсіпорын қаржыландырады.

 

— Білім беруді дамытуға, қазақстандық оқушылардың жаңа буынын тәрбиелеуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше көңіл бөледі. Өйткені білімді ұлт – ел болашағының негізі. Еліміздегі барлық оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалуға тиіс.  Риддерде 16 мектеп жұмыс істейді. Алайда олардың көбі ескірген, өткен ғасырдың 70-ші жылдарында салынған. Үшеуі тіпті 30-шы жылдарында бой көтерген. Кейінгі жарты ғасырда былтыр ғана бір жаңа мектеп салынды. Сондықтан бұл қалада жаңа білім ордасын салудың маңызы зор, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Өңір басшысы әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыратын ірі бизнес кәсіпорындарының рөлін ерекше атап өтті.

 

Заманауи кабинеттері бар, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген жайлы мектеп ашылатын болса бұл оқушылар үшін ғана емес, ұстаздар мен ата-аналарға тамаша сыйлық болары сөзсіз.

 

Жергілікті атқарушы органдар мен өңіріміздегі алпауыт кәсіпорын арасында жасалған меморандум ірі бизнес пен мемлекеттік органдардың осы бағыттағы тиімді серіктестігінің жарқын үлгісі әрі компания қызметкерлері үшін қолайлы орта құруға ұзақ мерзімді инвестиция екенін де атап өткен абзал.

 

— Біздің компания түрлі білім беру нысандарының құрылысына қатысқан. Дегенмен біз мектепті бірінші рет салғалы жатырмыз. Біз Риддердің дамуына сенеміз, бұл қалада біздің компания қызметкерлерінің көпшілігі жұмыс істейді. Біз қаланың дамуына, оның ішінде қызметкерлеріміз бен олардың отбасыларының жайлы тұрмысына көп көңіл бөлеміз, — деді «Казцинк» ЖШС бас директоры Александр Хмелев.

 

Осы ретте айта кетсек, биылғы тамыз айында Риддерде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы бір жаңа білім ошағының құрылысы басталған. Бұл бағдарламаның мақсаты — апатты жағдайдағы нысандарды, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою.

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив