Облыс орталығында балаларға арналған «Сабантой-2025» мерекелік іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бұл іс-шара облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында оқу жылының аяқталуына орай ұйымдастырылды.
– Бүгін балаларға арнап «Сабантой-2025» мерекелік шараны ұйымдастырып жатырмыз. Негізінде бұл шара дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі. Сабантойды өткізудегі негізгі мақсатымыз жаз кезінде оқырмандарды кітап оқуға шақыру, кітапханадағы түрлі үйірмелерге қатыстыруға ынталандыру. Бүгінгі шарамызда кітап көрмесі қойылды. Ою-өрнектен шеберлік сыныбы өткізіледі. «Сиқырлы бояулар» үйірмесінің қатысушылары «Көңілді жаз» атаумен қиялдарына қанат бітіріп, суреттер салды. Ашық аспан астында «Менің атым Қожа» фильмі көрсетіледі. Балалар ән шырқайды, – дейді коммуникация орталығының жетекшісі Эльмира Сейітқазықызы.
Кітапхана ауласында «Оқысаң өкінбейсің» атты мерзімді басылымдар мен кітаптар көрмесінде балаларға жазда оқуға әдебиеттер ұсынылды. Балалар көрмеде түрлі кітаптар, ертегілермен танысты. Кітапхана қызметкерлері оқушыларды қызықтырған кітаптар жайлы әңгімелеп берді.
– Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің 2-3 сынып оқушыларын бүгін Шығыс Қазақстан Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында өтіп жатқан «Сабантой-2025» мерекелік шараға әкеліп отырмыз. Балалардың қазақтың ертегі, ақын-жазушылардың кітаптарын көріп соларға деген қызығушылықтары оянып, ары қарай кітапханамен тығыз байланыста болады деп ойлаймыз, – дейді Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің мұғалімі Айнагүл Қанағатқызы.