Бүгін Шығыс Қазақстан аумағында жоғары өрт қаупі сақталады. «Қазгидромет» ШҚО филиалының мәліметінше, 21 мамыр күні түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен шығысында тұман түседі деп күтілуде. Сонымен қатар, облыстың оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі, ал оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Өскемен қаласында да түнгі және таңертеңгі уақытта тұман күтіледі. Сондықтан да ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға абай болуды ескертеді.
– Мұндай метеожағдайда жол қозғалысына қатысушылар, әсіресе автокөлік жүргізушілері жылдамдық режимін сақтап, қашықтықты ұстануға тиіс. Ал жаяу жүргіншілер жарақат алу қаупін азайту үшін барынша сақтық шараларын қолдануы керек. Сонымен қатар, өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында және үй жанындағы аумақтарда от жағуға тыйым салынады. Егер нақты жерде ерекше өртке қарсы режим енгізілсе, оны жойғанға дейін орманға кіруге қатаң тыйым салынады, – делінген ШҚО ТЖД хабарламасында.
Департамент мамандары тұрғындарды отпен абай болуға және төтенше жағдай байқалған жағдайда «101» немесе «112» нөміріне дереу хабарласуға шақырады.