Қаланың сол жағалауындағы Облыстық драма театрының артында орналасқан №50 мектептің құрылысы аяқталып қалды.
Мердігер компания сыныптарға мектеп жиһаздарының орнатылуын күтіп отыр. Сонымен қатар айналаны абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Мектеп жанынан түрлі спорт түрлерімен айналысатын ойын алаңдары жабдықталып, кең аллея пайда болады, жаяу жүргіншілер жолы салынып, ағаш отырғызылады. Демалыс алаңы тек мектеп оқушыларына ғана емес, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына да арналып салынбақ.
- Аллеяда субұрқақ та болады, - деді «Сервис СМУ» ЖШС директорының орынбасары Дамир Қалижанов.
Айта кету керек, мемлекеттік тілде оқытатын мектеп 600 орынға есептелген.
- Бұл өте жақсы жоба, - деді қала әкімі Жақсылық Омар мектепті аралап көріп. - Енді 25 тамызға дейін жөндеу жұмыстары аяқталады, сөйтіп, 1 қыркүйекте балалар жаңа мектепке оқуға келеді.
Бұл оқу орнында оқығысы келетіндер жеткілікті. Қазірдің өзінде сыныптар тізімі толып бітуге жақын.