Биыл Кеңес Одағының батыры, армия генералы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, «Халық Қаhарманы» Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толып отыр.
Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында дүниеге келген. Әкесі Қожахмет кенже ұлы Сағадаттың жарық дүниенің есігін ашуына бір ай қалғанда қайтыс болады. 1932 жылғы ашаршылықта анасы Айса да өмірден озады. Тағдырдың жазуымен Сағадат пен ағасы Сағит жетім қалады. Ата-анадан жастай айырылған қос жеткіншек ерте есейеді. Өмірдегі тірегі ағасы Сағит соғысқа аттанып, Ресейдің Псков қаласы маңында қаза табады. Ұлы Отан соғысының басында мерт болған ағасынан қара қағаз алғаннан кейін Сағадат әскери комиссариаттан өзі сұранып, 1942 жылдың шілдесінде Ұлы Отан соғысына аттанады. Сол жылы Түркіменстандағы пулеметшілер училищесінде оқып, взвод командирі ретінде қан майданға аттанып, I Беларусь майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия майдандарында соғысқан. 1945 жылдың мамырына дейін 5-ші екпінді армияның 301-ші дивизиясының құрамында атқыштар Жүректен өшпес нар тұлға батальонын басқарып, Польшаны азат етіп, Берлиндегі Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысады.
1945 жылдың ақпан айында Польша жерінде жау қорғанысын бұзу кезінде С.Нұрмағамбетов басқарған батальон жауынгерлік тапсырманы асқан ерлікпен орындайды. Польшаны жаудан азат ету кезінде ол ерекше біліктілігімен көзге түседі. Осы ерлігі үшін 1945 жылдың 27 ақпанында Сағадат Нұрмағамбетов Кеңес Одағының батыры атағын алады. Берлинді алу шайқасында Сағадат Қожахметұлының батальоны Рейхстаг ғимаратына шабуыл жасайды. Осы шайқаста да көзсіз ерлік көрсеткен ол екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады. Өкініштісі, әртүрлі себептермен екінші рет батыр атағы берілмей, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады.
Соғыстан кейінгі жылдары С.Нұрмағамбетов Мәскеудегі Фрунзе атындағы Әскери академияда оқиды. Одан соң түрлі жоғары әскери қызметтерді атқарады. Орталық Азия әскери округінде, Венгриядағы Оңтүстік Совет Армиясы тобында қолбасшының орынбасары қызметінде болады. Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып бірнеше мәрте сайланады.
1985 жылы Алматыда материалдық және техникалық жағынан транспорттық авиацияны қамтамасыз ететін жеке батальонда бөлім бастығы болып, капитан шенін алдым. Жұмыс бабы бойынша мен басқарған ұжым округте алдыңғы қатарға шығып, 1985 жылы мамыр айында Кеңес әскерлерінің Германиядағы тобы (ГСВГ) құрамына бес жылға әскери қызметке жіберді. Айта кететін бір жайт, ол кезде Германияға тек Орталық аппараттан және Мәскеу, Украина, Беларусь әскери округтерінен ғана офицерлер жіберілетін-ді. Сонымен бес жылдық мерзімім өткеннен кейін 1990 жылдың қазан айында мені комиссияға шақырып, Ресейдің Краснодар қаласында орналасқан жабық бөлімдерде қызмет ететін офицерлерді даярлайтын Жоғарғы әскери училищенің қаржы қызметінің бастығы етіп жіберуге шешім қабылданғанын хабарлады. Сол кезде Кеңес Одағы ыдырағалы тұрған еді. Мен өзімнің Отаныма жіберуін сұрадым. Комиссияда отырған жоғары дәрежелі офицерлер мені Ресейде қандай мансап күтіп тұрғанын айтып қызықтырғанымен мен еліме жіберуін өтініп тұрып алдым. Сонымен мені тағы бір жылға қалдырып, 1991 жылдың желтоқсан айында Түркістан әскери округінің Бас қолбасшысының қарамағына жіберді. Округтің Бас штабы Ташкентте болатын.
1992 жылдың ақпан айында Түркістан әскери округі тарқап, мен Алматыға келдім. Елбасымыздың 1991 жылғы қазан айындағы Жарлығымен жаңадан құрылған Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы болып тағайындалдым. Сол сәттен-ақ еліміздің Қарулы Күштерін құру кезеңі басталды.
Алпыс сегіз жасында атқа қонды
Генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов Мемлекеттік комитет төрағасы, 1992 жылдың 7 мамырында алғашқы Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Оның білімі мен әскери тәжірибесі ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жаңа Қорғаныс доктринасын қалыптастырып, жүзеге асыруда айрықша қызмет етті.
Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздіктің туын тіктеген тұста батыр ағамыз мемлекеттіліктің бір тірегі – Қарулы Күштердің қалыптасуы мен нығаюына белсене атсалысып, 68 жасында жастарға тән жігермен құлшына отырып, отандық әскер құру жолында көп еңбек сіңірді. Көптеген қиыншылықты басынан өткерсе де ол ешқашан дауыс көтермейтін. Қандай жағдайда да байсалды, ұстамды қалпынан айныған емес.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалып, қиын кезеңде армия генералы атанған ағамыз осы аса күрделі саланың негізін қалап, шаңырағын көтерді. Жас мемлекетіміздің Қарулы Күштерін кәсіби тұрғыда бәсекеге лайық сапаға бейімдеді. Сөйтіп, өзінің дарынды қолбасшы екендігін бейбіт өмірде де дәлелдей біліп, ұрпақтар ұмытпайтын ұлағатты іс атқарды.
Қарулы Күштерді құрған кезде бізде жексенбі күні, кезекті демалыс деген болмады, түнгі сағат 12-ге дейін жұмыста болатынбыз. Министрдің де жұмыс кестесі солай. Сол кезде әр саланы басқарып отырған министрдің бірінші орынбасары, ұшқыш-ғарышкер, полковник Тоқтар Әубәкіров, Бас штабтың бастығы полковник С.Алтынбеков, идеология және тәрбие жөніндегі орынбасары полковник А.Есенғұлов, кадр бастығы полковник С.Тауланов, әскери оқу және әскерге дайындау бөлімінің бастығы полковник А.Тасболатов, әскери полицияның бастығы полковник Ш.Хакімов, кейіннен келген тыл бастығы полковник С.Темірбеков уақыт өте келе генералмайор шендерін алды. Осындай қиын кезеңде Қарулы Күштерді басқарып отырған адамдардың болашаққа деген сенімінің, адалдығының арқасында Отанымыздың болашағы – еліміздің Қарулы Күштерін құрудағы көп мәселелер оң шешімін тауып жатты. Кеңес Одағына бағынған әскери бөлімдерден барлық әскери техникаларды қабылдап алуымыз керек болды және ол кезде басқа ұлттың офицерлері жаппай өз еліне орала бастап, бізде кадр мәселесі туындады. Әскердің 0,21 пайызы ғана әскери білімді офицерлер болды. Министрдің офицерлердің екінші рет әскери ант қабылдамайтыны туралы шешімі ұлты басқа офицерлердің Қазақстан Қарулы Күштерінде қалуына оң ықпал етті.
Осы жылдар ширегінде алғашқы министрмен неше рет Мәскеуге бардық, ең басты мәселе Ресейдің әскери училищелері мен академияларында Қазақстан армиясына қажетті білгір де білімді кадрлар даярлау болды. Сол кезде біздің министрге деген Ресей Қарулы Күштері жоғарғы басшыларының көзқарасы, құрметі өзгеше еді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде әскери мамандар жетіспей жатты. Міне, сол шақта біздің министр көптеген жас офицерді әскери машыққа баулу жолында көп тер төкті. Солардың арасында бүгінде генерал атанғандары қаншама. Майдандас досы, Кеңес Одағының маршалы Д.Язовпен сыйластығы да ерекше болатын. Біз Мәскеуге келген сайын маршал Д.Язов біздің министрді қарсы алып, үйіне алып кететін.
«Қайыркелді, мен саған сенемін!..»
1994 жылы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке «Халық Қаһарманы» атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» ордені табыс етілді.
Қарулы Күштерді құру кезеңінде әртүрлі жағдайлар, қиындықтар бастан өтті ғой. Мен сол қиын-қыстау кезеңде Ұлы Отан соғысының Батыры, тұңғыш Халық Қаһарманы, Қазақстан Қарулы Күштерінің алғашқы министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің жанында болғанымды әрдайым мақтан етемін!
Бірақ өкінетін де жағдайлар болды, Президент Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекетті басқару Жоғары ұлттық мектебіне оқуға баруға менің кандидатурам өтіп, министр: «Қайыркелді, сен лауазымыңа сай жұмыстасың, не қыласың сол курсты», – деп мені тоқтатып тастап еді. Сол кезде «күндіз оқып, түнде қызметімді жалғастыра беремін» деп сендіруім керек пе еді? Білім алудың артықтығы болмас еді ғой...
Маған Сағадат Қожахметұлының «Қайыркелді, мен саған сенемін!» деп үш рет айтқан сөзі барлық марапаттан артық және оны ешқашан ұмытпаймын. Қаржы министрі А.Павловтың кезінде Қарулы Күштердің көп мәселесі шешілді. Көп жұмыс атқарған қаржы министрінің бірінші орынбасары Ж.Мұқашев, достарым Қаржы министрлігінің Бас басқармасының бастығы, барлық күштік құрылымдарды қаржымен қамтамасыз ету жағынан жетекшілік (ҰҚК, ІІМ, ҚР ҚМ және т.б.) еткен марқұм А.Мұшрапиловтың, орынбасары Т.Ибрашовтың, бөлім бастығы марқұм Қ.Ауғанбаевтың еңбектерін жоғары бағалаймын.
Әлі есімде, А.Павлов Үкімет басшысының тапсырмасымен барлық министрліктермен, комитеттің бірінші басшыларымен жиналыс өткізді. Біздің министрдің жасы Үкімет мүшелерінің бәрінен үлкен болғандықтан, оны өзгелері «ақсақал» деп сыйлайтын. Мені кабинетіне шақырып алды да А.Павловқа үкімет линиясымен телефон соғып, амандасқаннан кейін айтқаны: «Александр Сергеевич, мен Көлбаевқа сенемін, сондықтан ол менің орныма барады», – деді.
Екінші рет Үкіметтің жабық отырысында Қаржы қадағалау комитетінің Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі мәліметтер қаралып, сол кездегі комитеттің төрағасы Н.Айымбетовтің баяндамасын тыңдады. Министр мені де сол жабық отырысқа ала келді, өйткені министрге дайындаған баяндамаға мен жауап беретінмін. Бірінші сағатта Қарулы Күштердің мәселесін талқылағанда Үкімет басшысы баяндамашыға Қорғаныс министрі өзі шешеді деп, екінші сұраққа көшуін сұрады. Ал Н.Айымбетов өзінің жұмысын көрсеткісі келді ме, Қарулы Күштерді талқылауды жалғастыра берді, екінші рет ескерту жасағанда ғана тоқтады. Ішкі істер министрлігін тыңдаған кезде Ішкі істер министрін бірнеше рет орнынан тұрғызды. Отырыстың бірінші үзілісінде министр мені шақырып алып, «Қайыркелді, (бізді, өзіне жақын бірнеше офицерлер мен генералдарды балаларындай көріп, жеке сөйлескенде атымызды атайтын еді) мен үзілістен кейін сөз сұраймын, баяндамадағы мәліметтер қалай?» деді, мен әскери тәртіппен баяндаманың әр нүктесі мен үтіріне дейін басыммен жауап беретінімді айттым. «Қайыркелді, мен саған сенемін» деді ол. Сол жабық отырыстан көп ұзамай республиканың Қаржы қадағалау комитетінің төрағасы жұмысынан босатылды.
Үшінші реттегі кездесуде мен Қаржы министрі А.Павловтың запастағы әскери шені капитан екенін білдім. Қаланың әскери комиссариатынан мәліметтер алғызып, Үкімет мүшесінің капитан дәрежесінде жүргенін анықтап, министрден А.Павловқа полковник шені берілуін сұрап, ұсыныс жасадым. Министр «Ол не үшін керек?» деп сұрады, расына келсек А.Павловқа ол шеннің кажеті шамалы болатын. Менің күнделікті жұмысым Қаржы министрлігімен байланысты болғаннан соң көңілімді қимай кадр департаментінің бастығын шақырып алып, заңға қайшы келмейтініне көзін жеткізген соң бұйрыққа қол қойды. Сонда айтқаны: «Қайыркелді, мен саған сенемін, өзің барып, папаха мен погонды табыста» деді. Менімен сол кездегі министрдің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Ф.Щербаковтың баруын сұрадым. Екеуіміз барып, министрдің бұйрығымен папаха, погонды табыстадық.
Естеліктер өлмейді
1995 жылдың қараша айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қарулы Күштердің тұңғыш министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов Президенттің кеңесшісі қызметіне ауысты. Сол күні ол менің атқарған еңбегімді бағалап, мерзімінен екі жарым жылдай бұрын полковник шенін беру туралы бұйрыққа қол қойды.
Қазақстанның Қарулы Күштерін құру кезеңінде әртүрлі лауазымда болып, жауапты қызметтерді ойдағыдай атқардым деп ойлаймын. Қазақстанның Қарулы Күштерін құру кезінде тұңғыш министріміздің сіңірген еңбегі орасан зор болды.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерен ерліктері туралы жеткілікті түрде жазылып жүр. Сағадат Нұрмағамбетов көрнекті әскери қолбасшы ғана емес, шығармашылық адам болған. Отанымыздың тарихына айналған біртуар тұлға туралы білгісі келетіндер әскери естеліктерге, оның ішінде «В памяти нет тишины», «Мой передний край», «Лицом к огню» және «Отты жылдардан егеменді армияға дейін» деп аталатын кітаптарына ден қойса, көп нәрсеге қанық болары хақ.
Әттең, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, аса көрнекті мемлекет және белгілі әскери ғылым қайраткері, армия генералы Сағадат Қожахметұлы өзі қаны мен терін төгіп, қол жеткізген Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қуанышын көре алмады. Ол 2013 жылы 24 қыркүйекте 90-ға қараған шағында дүниеден өтті. Батыр ағамыздың денесі Кеңсайға кіреберістегі орталық қақпаның жанына, құдай қосқан қосағы Лира Сәбитқызының қасына жерленді.
Батыр ағамыз Сағадат Нұрмағамбетовтің жарқын бейнесі барша қазақстандықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бүгінде оның есімімен Қазақстан қалаларындағы көшелер мен әскери оқу орындары, ескерткіштер, мемориалдық тақталар мен мұражайлар ашылды. Ақындар мен сазгерлер өлеңдері мен әндерін арнады. «Қазақфильм» отандық киностудиясында «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильм жарық көріп, халықаралық кинофестивальдерде жүлде алды. Халқымыздың біртуар аяулы ұлы, ардақты да ақылшы ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деймін!