ШҚО әкімі мектептер мәселесін назарда ұстап отыр


ЖАҢАЛЫҚТАР / ӘР САЛА 31-07-2024, 19:44 0

Облыс әкімі Ермек Көшербаев өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша бой көтеретін мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімі Шемонаиха мен Глубокое аудандарында, Өскемен қаласында салынып жатқан бес білім ошағында болды. Ермек Беделбайұлы құрылыс материалдарының сапасын, мердігер ұйымдардың жұмысын тексеріп, жұмысшылармен сөйлесті.

Әр жаңа мектеп 300 орынға есептелген. «Samruk-Kazyna Construction»  АҚ тапсырысымен салынатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша тек құрылыс қана емес, сондай-ақ білім ошақтарының ішін заманауи стандарттарға сай толықтай жабдықтау көзделген.

Мектептер заманауи құрал-жабдықтар, жиһазбен жабдықталып, жайлы сыныптар мен спорт залы болады. Сонымен қатар, мердігер компания мектеп ауласын да абаттандырып, спор және ойын алаңдарын салады, қажетті инфрақұрылымды орнатады.

Құрылыс нысандарын аралау барысында облыс әкімі жұмыстардың барлығын белгіленген мерзімде, жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін атап өтті. Аудан әкімдері мен білім бөлімдерінің басшыларына жұмысты кешеуілдетуі мүмкін олқылықтардың барлығын бақылауға алуды тапсырды.

Қазір Шемонаихадағы мектептің екінші қабаты көтеріліп жатыр. Белоусовкадағы білім ошағының бірінші қабатының құрылысы енді басталды. Опытное поле кентіндегі мектептің екі қабаты да тұрғызылып қойған. Ермек Көшербаев бұл мектептің табиғаты тамаша жерде орналасқанын атап өтті.  

Өскемен қаласындағы Тимофеев көшесінде орналасқан мектеп те 300 оқушыға арналған. Мердігер ұйым директоры Дидар Шотабаев жұмыстардың 55%-ға аяқталғанын және жоба белгіленген мерзімде аяқталатынын мәлімдеді.

Облыс әкімі көп нысанның жұмысы құрылыс материалдарының уақтылы жеткізілмеуіне байланысты кешіктіріліп жатқанын, бірақ бұл құрылыс сапасына әсер етпеуі керектігін баса айтты. Облыс әкімдігі қолдау көрсетіп, білім нысандарының құрылысын бақылауда ұстайтын болады.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 білім ошағының құрылысы жоспарланған. Қыркүйекке дейін Өскеменде үш, Риддерде бір мектеп пайдалануға берілуі керек.

daryn

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив