Өскеменде салынған жаңа мектеп. Сурет: Мерей Қайнарұлы
Өскемендегі облыстық драма театрдың артында салынып жатқан №50 мектеп аралас мектеп болады дегеннен кейін қоғамда аздаған наразылық байқалды. “Мемлекеттік тілде ғана бала оқытуы керек” деушілер жиіледі. Осы тұста Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасынан “мектептің екі тілде оқытады деп таңдалуына не себеп болды?” деп сұраған. Мекемеден сұраққа жауап келді.
“Мектепте екі тілде оқыту балалардың білімге тең қол жеткізу құқығын сақтау мақсатында және шағын аудан тұрғындарының қажеттілігіне байланысты анықталды”, деп жазылған басқарманың жазбаша жауабында.
Ақпаратқа қарағанда 600 орындық бұл мектеп биыл қолданысқа берілмек.
Сонымен бірге мекеме Жібек маталар комбинаты ықшамауданында биыл 3 қазақтілді мектеп ашылатынын айтады. Үш мектепте жиыны 2080 орын болады делінеді.
Айта кету керек, бұған дейін идеология саласының мамандары аралас тілде мектеп ашуға болмайды деген пікір айтқан.
«Ұлт болашағын ойлайтын болсақ, балаларымызды қазақша оқытуымыз керек. Аралас мектеп – ұлтымызға жасалған қастандық деп ұғамын өз басым. Тіл мәселесі – өте өзекті тақырып. Егемендік алғанымызға отыз жылдан асса да тіліміз де, тірлігіміз де орыс тіліне тәуелді болып тұр. Бұл кеселден арылуымыз керек. Аралас мектеп біздің менталитетімізді бұзады», деген еді Бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі орынбасары болған, облыстың идеология саласында басшылық еткен Түсіпхан Түсіпбеков.
Өскемен әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетов те мемлекеттік тілде оқытатын мектеп болғаны абзал деген.
«Әрине, біздің білім жүйемізде қай мектептің қай тілде оқытылуы керегі туралы өзіндік ережелер бар. Алайда өзімнің азаматтық ұстанымымды айтсам, Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан, қазір Өскеменде мемлекеттік тілде сөйлейтін кішкене бүлдіршіндер де, үлкен азаматтар да көп болғандықтан, қазақ тілінде білім беретін оқу орындары көп болса деп ойлаймын», - деді ол.
Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі №50 мектеп салынып жатқан ықшамаудан тұрғындарының да пікірін біліп көрген. Аралас мектепке қарсылар да, құптайтындар да кездескен.