Ел көлемінде 19 сәуірден бастап «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Осыған орай жолдарда полиция, прокурорлар мен сот орындаушылар рейдтер жүргізе бастады.
Заң бойынша, жедел-профилактикалық іс-шарасы кезеңінде полиция қызметкерлері автомобильдерді жолдарда тоқтатуға құқылы. Олар құжаттарды тексеру, профилактикалық әңгімелесу, орнатылған жарық құрылғыларының заңдылығын растау, әйнектерді бояу және өзге де талаптар бойынша тексеріс жүргізетін болады.
Жүргізушілер 102 байланыс номеріне қоңырау шалу арқылы жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілгеніне көз жеткізе алады.
– Егер жүргізуші полицейдің әрекетін заңсыз деп санаса, ол бұл туралы 102 байланыс номеріне хабарлауына болады. Бірақ кез-келген жағдайда ол тоқтату және құжаттарды ұсыну бойынша заңды талаптарға бағынуға міндетті, – дейді Өскемен прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Ильдар Итекбаев.
Сенбі, 19 сәуірде бірінші рейд Республика алаңында өтті. Патрульдік-бекеттік қызмет қызметкерлері қалалық прокуратура өкілдерімен және сот орындаушысымен бірлесіп, жүргізушілерге олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіре отырып, бірлесіп жұмыс істеді.
Көліктердің бірінің алдыңғы әйнегінен көрінбейтін тоналды пленканы көріп, ол орнында алынып тастады. Бірнеше жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізілді, біреуіне ескерту жасалды. Сондай-ақ жарық құрылғыларының параметрлерін де тексерді.
– Біздің басты міндетіміз-жазалау емес, жолдың шынымен қауіпсіз болуы үшін алдын алу, – дейді аға лейтенант Батыр Мәкенғали.
Айта кетейік, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы 19 мамырға дейін жалғасады.