Зайсан ауданының спорттық модулінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай садақ ату сайысы өтті. «Мерген Ару – 2025» деп аталған аудандық біріншілікте 18 жасқа дейінгі қыздар шеберлік байқасты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Жарысты Зайсан қаласының садақ ату орталығының төрешілері ұйымдастырды. Бұл шараның ерекшелігі – қатысушы қыздардың ұлттық киіммен өнер көрсетуі, бұл ұлттық дәстүрімізге деген құрметті айқындай түсті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімі мен мәслихат төрағасының атынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов, спорт ардагері Сәуле Жұмабекқызы қатысты. Іс-шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін еске алуға ерекше мән берілді.
Зайсан ауданынан соғысқа 7760 адам шақырылып, оның 6702-сі ұрысқа қатысқан. Соғыстан 3229 адам оралса, 1817-сі майданда қаза тауып, 2923 адам хабар-ошарсыз кеткен.
Зайсан ауданынан шыққан батырлар – Кеңес Одағының Батыры Василий Головченко, III дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Қыдырпатша Бокажанов, соғыс батырларына теңестірілген Ғадылбек Сарсекеев пен Виктор Гутовский.
Сонымен қатар 58 адам «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 3 адам «Қызыл Ту» орденімен, 590 адам I және II дәрежелі «Жеңіс» медальдарымен, 12 адам II-III дәрежелі «Құрмет орденімен» марапатталған. Бір азамат – «Құрмет орденінің» иегері.
Қазір ауданда бір соғыс ардагері – 102 жастағы Зәкен Құрманқожанов ата тұрады. Жақында ол кісі туралы түсірілген деректі фильмнің тұсаукесері 9 мамыр қарсаңында өтеді. Сонымен қатар ауданда 97 тыл еңбеккері тұрады.