Фестиваль 2024 жылға арналған республикалық экологиялық акцияның қорытындысын шығарды. Табиғатты қорғауға елеулі үлес қосқан белсенді қатысушылар мен ұйымдар марапатталды. Әсіресе, экологиялық қозғалыстың бұқаралық сипат алуына үлес қосқан еріктілердің еңбегі ерекше атап өтілді.
– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын!, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі ретінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Жасыл университет» номинациясы бойынша марапатталуы болды. Университет экологиялық жобаларды белсенді жүзеге асыруы, орнықты даму бағытындағы білім беру бағдарламаларын дамытуы және экологиялық саналы жастарды қалыптастыруға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Жалпы, Өскемен қаласында «Таза Қазақстан» акциясы белсенді түрде өтіп жатыр. Челлендждер, байқаулар мен флешмобтар ұйымдастырылуда. Жақында ғана қалада «Таза ойындар» өтті. Аталған шараға 21 командадан құралған 80-ге жуық белсенді және бейжай қарамайтын азаматтар қатысты. Қатысушылар тек жылдамдықта ғана емес, қалдықтарды сұрыптау мен саналы түрде жинау бағытында да сынға түсті. Нәтижесінде 280 қап қоқыс, 186 кг ірі көлемді қалдық және 265 кг ескі шиналар жиналды.