2 тамызда өтетін «Уақытты кері қайтарайық» петициясы бойынша өтетін қоғамдық тыңдауға журналистер залда орын тапшылығына байланысты қатыса алмайды, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Олар залдың небәрі 50 адамға арналғанын және талқылауды барлығы онлайн режимде көре алатынын айтты.
- Біз алғашында қоғамдық тыңдауды ЭКСПО-да өткізейік деп жоспарлағанбыз. Себебі министрліктің залдары кішкентай, адамдар сыймайды. Алдын ала тапсырыс беріп қойғанбыз, бірақ кейін олар сол жерде президентпен кездесу болатынын айтты. Сөйтсек, 2-3 тамызда Конго президенті келеді екен. Тек соңғы аптада ғана тыңдау өтетін жерді таптық. Барлық жерлер бос емес, - деді министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ орын жетіспеушілігіне байланысты журналистерге талқылауға қатысуға рұқсат берілмейді. Бірақ онлайн трансляцияны барлығы көре алады.
Қоғам белсендісі Жанар Жандосова Facebook парақшасында қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы Сауда және интеграция министрлігі кеш хабарлағандықтан ашық, жария түрде өтпейтінін, сондай-ақ телефон арқылы хабарласу, аккредитациядан өту мүмкін емес екенін жазған.
- Көптеген заң бұзушылықтар бар. «Қоғамдық бақылау туралы» заңға сәйкес, қатысушыны 5 жұмыс күні бұрын хабардар ету керек еді. Олар тек 31 шілдеде ғана хабардар етті. Хабарландыру 21:43-те сайтта өте кеш және тыныш қана жариялай салды. Сайтта көрсетілген телефонға ешкім жауап бермейді. Жанама түрде петицияны қолдаушылар залда орын қалмағанын, бар болғаны 50 адам отыратынын, оның 97 пайызы шенеуніктер екенін білді. Талқылауға қатысуы тиіс басқа азаматтарға тіпті орын да жоқ болып шықты, - деді Жанар Жандосова.
Осыған байланысты қоғам белсенділері 150-200 орындық зал бөлуді және петицияны қолдаушыларға барлық орындардың 50 пайызын бөліп беруді талап етті.
Сондай-ақ олар талқылауға жеке қатысуға ниет білдірген азаматтарды тіркеуді талап еткен.