Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға барады


ЖАҢАЛЫҚТАР 25-07-2024, 18:09 0

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесті. Қазақстан Президенті «ШЫҰ плюс» форматындағы отырыстың табысты өтуіне конструктивті үлес қосқаны үшін Ухнаагийн Хурэлсухқа ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – еліміздің Азиядағы ең маңызды серіктестерінің бірі.

Бізді ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын ортақ мәдени-тарихи құндылықтар мен дәстүрлер байланыстырады.

– Қазақстан мен Моңғолияның ынтымақтастығы өзара құрмет пен қолдау рухында ұдайы нығайып келеді. Елдеріміз арасында сенімді және сындарлы саяси диалог жолға қойылған. Ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасқан, мәдени-гуманитарлық байланыстар кеңеюде. Орайлы сәтті пайдаланып, Қазақстандағы бұрын-соңды болмаған су тасқыны кезінде қолдау көрсеткендеріңіз үшін Сізге және барша моңғол халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, тауар айналымын ұлғайту, көлік-транзит әлеуетін арттыру перспективалары талқыланды.

Президенттің айтуынша, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін екі ел үкіметтері сауда-экономикалық ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздегені жөн.

– Қазақстанның Моңғолияға шикізаттық емес тауарлар бойынша экспорттық әлеуеті шамамен 100 миллион долларды құрайды. Осыған орай тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайту жөнінде нақты мақсат қоюды ұсынамын. Бұл ретте біз Қазақ-моңғол іскерлік кеңесін құруға және Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасын қабылдауға мүдделіміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әуе рейстерінің санын арттыру қажет екенін айтты.

Сондай-ақ екі ел арасындағы жол жүру уақытын едәуір қысқартатын автомобиль жолын салу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Моңғолия Президенті Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесін жоғары бағалады. 

Сондай-ақ Астананың халықаралық аренадағы рөлі нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел ортақ құндылықтар мен тарихи тамырластыққа негізделген көпжақты ынтымақтастықты дамытуға тиіс.

Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевты Моңғолияға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Қазақстан Президенті бұл шақыруды зор ықыласпен қабыл алатынын айтты. Оның пікірінше, алдағы сапар екіжақты қатынастардың жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады.

Бұдан бөлек, екі ел басшылары көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Моңғолияның 2020 жылғы халық санағы бойынша саны жағынан қазақтар моңғолдардан кейін екінші орында.

Қазақстан мен Моңғолияның саяси қатынастары 1993 жылдың қазандағы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Ұлан-Батырға ресми сапарынан басталды. Бұл сапар барысында екі жақты сауда-экономикалық қарым-қатынастағы шарт-құқықтық негіз қаланды.

Моңғолияның Президенті Н.Багабандидің 1998 жылы Қазақстанға сапары және ҚР президентінің 1999 жылы Моңғолияға сапары екі-жақты қарым-қатынасқа тың серпіліс берді.

1991 жылдан қазіргі уақытқа дейін ҚР мен Моңғолия арасында 40-тан астам келісім-шарттарға қол қойылды.

Сонымен қатар, екіжақты қатынастар халықаралық алаңда да белсенді түрде дамуда. Ұлан-Батыр Астананың аймақтық қауіпсіздікті нығайту және ядролық қаруды таратпау сияқты ұстанымдарына қолдау көрсетіп отыр. Моңғолия АӨСШК-тің толық мүшесі. 2002 жылдың 4-6 маусым айында Алматыда өткен АӨСШК-тің саммитіне Моңғолияның Президенті Н.Багабанди қатысқан болатын. 2006 жылдың 17 маусымында Алматыда өткен АӨСШК-тің Екінші саммитіне Моңғолияның Вице Премьер-Министрі М.Энхсайхан бастаған делегация қатысты.

2007 жылдың 14-15 тамызында Моңғолия Президенті Н.Энхбаярдың Қазақстанға мемлекеттік сапары болды. Сапар барысында екі ел Президенттері Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

2008 жылдың 6-7 тамызында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Моңғолияда мемлекеттік сапармен болды. Сапар барысында екі Президенттерінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Қазіргі таңда Моңғолия-Қазақстан Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия өз жұмысын жемісті атқарып жатыр. 2006 жылғы 24 сәуірде Астана қаласында комиссия өзінің кезекті 5-ші отырысын өткізді. Комиссия жұмысының қорытындылары бойынша тараптар Хаттамаға қол қойды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағытындағы басымдылық бағытты ҚР Шығыс Қазақстан облысы мен Моңғолияның батыс аймағы арасындағы екі жақты қатынас болып отыр. Экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін 2006 жылдың 16-17 мамыр айында ҚР Шығыс Қазақстан облысының Әкімі В.Храпунов бастаған делегация Моңғолияның астанасы Ұлан-Батыр мен Баян-Өлгей аймағына іссапары болды. Іссапардың нәтижесі ретінде екіжақты хаттамаға қол қойылды. Ресей Федерациясы Алтай аймағы Қос-ағаш ауданы арқылы малды айдап өткізетін трассаны қалпына келтіру үшін және тірі малды Қазақстанға айдап өткізу мақсатында Моңғолия Ресей Федерация Алтай аймағының өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр.

2007 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы көлемі 28,6 млн. долл. құрап, 2006 жылмен салыстырғанда 44,49% пайызға төмендеді. Сауда айналымы көлемінің төмендеуі Казақстаннан бидай, ұн және мұнай өнімдерінің экспорт көлемінің кемуіне байланысты.

Мәдени-гуманитарлы салада ҚР мен Моңғолия арасында 8 келісім-шартқа қол қойылды. Үкіметаралық келісім негізінде жыл сайын екі мемлекет студенттермен алмасып отырады. Моңғолияның жоғары оқу орындарында қазіргі таңда Қазақстанның 12 студенті оқиды.

ҚР мен Моңғолияның Білім министрліктерінің қабылдаған шешімі негізінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Шығыс Қазақстанның мемлекеттік университетінің филиалы ашылып, өз жұмысын 2001-2002 оқу жылынан бастаған болатын.

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Әкімі К. Мейрамның Қазақстандағы сапары барысында ҚР Үкіметі аймаққа Қазақстанның “Қазақстан”, “Хабар” және т.б. телеканалдарын көрсету үшін цифрлы телеаппаратураны сыйлады.

2001 жылдан бастап Налайх ауылында қазақ тілін оқыту басталды.

Моңғолиядағы қазақ диаспорасының балаларына 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі 9600 дана оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтарды берген болатын. Моңғолияда білімді, әр алуанды мәдениетті, көп тілділікті әрі қарай дамыту үшін ЮНЕСКО-ның халықаралық кластерлі жобаның шеңберінде Баян-Өлгей аймағының орталық кітапханасына ҚР Ұлттық кітапханасы 2006 жылдың наурызында гуманитарлы акция ретінде кітаптар тапсырған болатын. Моңғолия аумағындағы көне түрік ескерткіштерін зерттеу және тарихи-этнологиялық жұмыстарды іске асыру үшін ҚР Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнолигия институты жыл сайын этноархеологиялық экспедицияларды ұйымдастырып келеді.

Моңғолияның экономикасы негізінен ауылшаруашылығы және тау-кен өнеркәсібіне тәуелді. Табиғи байлық түрлері көп кездеседі. Мыс, молибден, қалайы, көмір, вольфрам, мырыш рудасы, темір рудасы және алтын өндеу ел экономикасында маңызды орын алады. Ауылдағы адамдардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып келеді.Орта есеппен әрбір адамға 12 бас мал келеді. Егін шаруашылығында бидай, арпа, көкөніс және мал азығын егумен айналысады. 2008-жылғы есеп бойынша ІЖӨ-нің көлемі 9,48 млрд долларды құраған. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 3200 доллар. Жұмыссыздар саны орта есеппен халық санының 2,8 % (2008).

Негізгі экспорт өнімдері (2,5 млрд долл. 2008 ж) : Мыс, молибден, көмір, мырыш рудасы, темір рудасы, шикі мұнай, мал өнімдері, былғары, текстиль. Негізгі экспорттаушылары: ҚХР (76 %), Канада (9 %), Ресей (3 %). Импорт өнімдері: (3,6 млрд долл. 2008 ж): жанар-жағар май, машина техника, автомобиль, азық-түлік, құрылыс заттары, қант, өндірістік және күнделікті қолданыстағы тауарлар, шай т.б. Негізгі импортерлары: Ресей (35 %), ҚХР (29 %), Жапония (8 %).

- Моңғолияның сыртқы саясатында Қазақстанмен дамытып жатқан ынтымақтастық маңызды орын иеленеді. Екіжақты дәстүрлі достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастық соңғы уақытта белсене түсіп, саяси байланыстар, оның ішінде жоғарғы деңгейдегі диалогтардың жиілігі артып келеді.

Моңғол мен қазақ халқы ежелден достық қарым-қатынаста және биыл Моңғолия мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 32 жыл толып отыр.

Тараптар дипломатиялық өкілдіктерін ашты. 1992 жылы Моңғолияның Елшілігін Алматы қаласында ашылып, 2010 жылы оны Астана қаласына көшірілді. Ал Қазақстанның Елшілігі 1997 жылы Ұлан-Батыр қаласында ашылды.

Өткен 30 жыл уақытта екі ел арасында бірқатар жоғарғы дәрежелі іс-сапарлар орын алып, Моңғолия мен Қазақстанның қарым-қатынастары заманауи тұрғыда дамуда.



Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив