Президент: мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керек


ЖАҢАЛЫҚТАР 3-10-2024, 15:30 0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында депутаттардың өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруына қажет бірнеше мәселеге тоқталды.

Мемлекет басшысы, ең бірінші кезекте, мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керектігін атап өтті. 

– Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер көп, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің айтуынша, қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив