Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болады - Президент


ЖАҢАЛЫҚТАР 4-10-2024, 12:40 0

сурет:Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысты.

Мемлекет басшысының сөзінше, елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті Сот әкімшілігіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. 

– Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономиканы өркендетуге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойғанын атап өтті. 

– Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады. Енді жоғарғы сот органы сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне алаңсыз кірісе алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив