2 қазан күні Өскемен қаласында басталған шахмат турнирінде әлемнің 15 елінен келген танымал гроссмейстерлер мен халықаралық шеберлері бас қосты.
Турнир ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл Oskemen Open 2024 халықаралық турнирінің екінші кезеңі. Бірінші кезең Владимир Дворкович Мемориалы – "Aktobe Open 2024" Ақтөбеде мамыр айының соңында өтті. Үшінші кезең "Pavlodar Open" Павлодарда 13-21 қазан аралығында өтеді. Кубок қорытындысы қарашаның ортасында Алматыда нокаут жүйесі бойынша өтетін жарыстың финалында белгілі болады.
– Біз үлкен шахмат турнирін өткізуді Астана мен Алматы үшін ғана емес, еліміздің барлық аймақтары үшін қалыпты нәрсеге айналдыруға ұмтыламыз. Ашық турнир сериясын өткізіп жатқанымыз да сондықтан – оның сапалық құрамы ойыншыларымыздың бірегей жарысу тәжірибесіне ие болуына, сондай-ақ Қазақстан халқының шахмат спортына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Oskemen Open – осы стратегияның жүзеге асуының көрнекті мысалы. Оны өткізу федерацияның жергілікті филиалының және бизнес қоғамдастықтың қатысуының арқасында мүмкін болғаны өте қуантады, - дейді KazChess президенті Тимур Турлов.
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова Өскеменде тарихта алғаш рет халықаралық деңгейдегі шахмат турнирі өтіп жатқанын атап өтті.
– Жарысқа әлемнің үздік шахматшыларын шақырдық. Ондағы мақсат – жергілікті ойыншылардың үздіктермен ойнап, тәжірибе жинақтауына, сондай-ақ отандастарымыздың шахмат спортына деген қызығушылығын арттыруға жағдай жасау. Бізге қолдау білдіріп жатқан облыс басшылығына, сондай-ақ бизнес қауымдастыққа айрықша алғыс айтамыз, - деді Гүлмира Дәулетова.
Естеріңізге сала кетейік, 9 күннің ішінде швейцариялық жүйе бойынша өтетін 10 турда шахматшылар екі турнирде бақ сынасады.