Қазақстанда көліктерді заңсыз тіркеген алаяқтардың кесірінен 1,5 миллиард теңге шығын келген. Материалдық пайда алу мақсатында ТМД-ға кірмейтін елдердің көліктерін заңсыз тіркеуді жүзеге асырған бір топ тұлғалар анықталды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған тұлғалар 2021 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында материалдық өтемақы төлеу үшін жүйелі негізде Павлодар облысы бойынша 150-ден астам жүк көлігін бастапқы тіркеуге заңсыз тіркегені анықталды.
«Олар бастапқы тіркеу үшін алым төлегені туралы жалған түбіртектерді пайдаланып, ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізіп, нәтижесінде бастапқы тіркеу және кәдеге жарату алымын төлеуден жалтарып, мемлекетке жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден астам залал келтірген», - делінген ведомство хабарламасында.
Соттың санкциясымен заңсыз тіркелген көліктердің барлығы тәркіленіп, күдіктілерге қатысты «күзетпен ұстау», «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.