Шығыс Қазақстандағы бір ғана ауданда әйел әкім бар. Зайсан ауданы әкімдігінің ресми парақшасынан скриншот
Басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесі ерлермен тең болуы керек дегенді жиі естиміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та солай дейді.
– Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік жастар кадр резервінің форумындағы сөзінде.
Бірақ жоғары билікті шолып шықсаңыз, теңдік жағы әлі сақталмағанын байқауға болады. Біз осы ретте Шығыс Қазақстан облысындағы шенділердің арасынан әйел басшыларды түгендеп көрдік.
Мысалы, облыс әкімі мен оның орынбасарлары арасынан әйел адам таба алмадық. Аудан мен қала әкімдіктерін шолып шығып едік, бір ғана ауданда әйел әкім бар екенін байқадық.
ОБЛЫС ӘКІМДІГІ
Шығыс Қазақстанның әкімі ер адам. Оның төрт орынбасары бар, барлығы еркек. Аппарат басшысы да ер, тек аппарат басшысының орынбасары ғана әйел. Ол – Аспенбетова Раушан Найманханқызы.
Аспенбетова Раушан Найманханқызы – 1965 жылы 1 желтоқсанда Үлкен Нарын ауданы Көктерек ауылында туған. 1996 жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік қызметте. Облыс әкімінің аппаратында 2007 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының көмекшісі, ШҚО әкімінің бас инспекторы, және 2011 жылдың қазанында облыс әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. Аспенбетова Раушан Найманханқызының мемлекеттік басқару органдары саласында тәжірибесі бар, мемлекеттік қызмет өтілі 27 жылдан астам, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында 16 жылдан астам уақыт қызмет еткен. 2023 жылдың 9 қазаннан бастап меритократия қағидаты бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалған.
Облыстық басқармалар
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде 20 басқарма бар. Басқармалардағы басшылық қызметінде бес әйел ғана жұмыс істейді. Олар:
Ахаева Инна Валерьевна – Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы. 1988 жылы 26 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген, ұлты-неміс. Еңбек жолын 2006 жылы Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде оператор-бағдарламашы болып бастады. 2017 жылдан бері – Шығыс Қазақстан облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, 2021 жылдан бастап – Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы.
Михейлис Надежда Федоровна – «ШҚО жер қатынастары басқармасы» ММ басшысы. 1988 жылғы 11 сәуiрі Ұлан ауданы Борсак ауылында дүние келген. 2019 жылдан 2021 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысы «Ұлан ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы болып жұмыс істеген. 2021 жылы ШҚО жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Большакова Светлана Владимировна – Шығыс Қазақстан облысы қаржы басқармасының басшысы. 1969 жылы 22 мамырда Глубокое кентінде дүниеге келген. 1987 жылы Ертіс мыс балқыту зауытының Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының екінші разрядты электр жабдықтарын жөндеу бойынша электромонтер болып еңбек жолын бастаған. 01.11.2022 ж – 01.06.2023 жылдар аралығында Глубокое ауданы әкімінің орынбасары болған. 2023 жылдың 1 маусым күні Шығыс Қазақстан облысы қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Чернышева Иннеса Александровна – «Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы» ММ басшысы. 1968 жылғы 13 желтоқсанда Алматы облысының Түрген ауылында дүниеге келген. 2017 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының директорлар кеңесінің төрағасы, қалалық білім бөлімі директорлары кеңесінің мүшесі, 2021 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болды. 2022 жылдан бері «Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы» ММ басшысы.
Мусинова Альмира Әскерханқызы – Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы. Альмира Аскерханқызы 1976 жылы 2 наурызда Катонқарағай ауданы, Медведка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Жезқазған қаласының ІІБ жеке күзет батальонының сержанты лауазымынан бастады. 05.01.2010-19.08.2010 жылдары «Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің жалпы бөлімінің бас маманы болған. 2020 жылдан бастап – «Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы.
Қала және аудан әкімдіктері
Қала мен аудан әкімдіктерінде және оған қарасты бөлімдерде әйелдер бар, бірақ үлесі аз.
Облыс бойынша бір ғана ауданда әйел әкім бар. Ол – Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.
Аэлита Ахметсәлімқызы 1989-1992 жылдар аралығында Өскемен қаласындағы №52 балабақшада тәрбиеші болған. 1992 ж. «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің маманы; 1992-1993 жж. ШҚО туризм басқармасының маманы; 1993-1994 жж. «Атамекен» корпорациясының экскурсиялық-көлік бюросының халықаралық туризм бойынша әдіскері; 1994-1995 жж. жеке кәсіпкер; 1995-2001 жж. «Таймас» өндірістік кооперативінің заңгері; 2001-2023 жж. «Айка» шаруа қожалығынң басшысы; 2021, 2023 жж. Шығыс Қазақстан облысының облыстық мәслихатының VII,VIII шақырылымының депутаты болған. 2023 жылдың 14 маусымынан Зайсан ауданының әкімі.
Осы ретте Тарбағатай, Самар аудан әкімдігінің басшылық қызметінде әйел кісілер мүлде жұмыс істемейді. Әкімнен бастап, әкім орынбасары, ауданы әкімі аппаратының басшысына дейін ер кісі екенін айта кетейік.
Ақмарал Мұхтарбекова