Сурет: Instagram.com/qaj_vko
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының ақпараты бойынша. Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы тас жолдың жай-күйіне жолаушылардан көптеген шағым түсіп жатыр. Мекеме жолды ауыр жүк көліктері бұзды деп мәлімдеді.
Ақпаратқа қарағанда, Осинов асуын айналып өтетін жол салынып жатқандықтан, ауыр жүк көліктері құрылысқа керек материалдарды осы жолмен тасымалдайды.
"Нәтижесінде 56-69 шақырым аралығында ақау пайда болды. Жол шөгіп, жарық, шұңқырлар көбейді", — деп жазылған "ҚазАвтоЖол" компаниясының ақпаратында.
Мекеме мамандары көлік инспекциясының қызметкерлерімен бірге жүк көліктеріне нормадан артық жүк тиемеу керегін ескертті.
"Артық салмақ тасымалдайтын автокөлік құралдарының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы миллион теңгеден асты", - деп толықтырды "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы.