Өткен жазда орын алған елдегі алапат өрттерден кейін мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына ормандарды заңсыз кесу мен ұрлаумен күрес шараларын күшейтуді тапсырды.
Ішкі істер министрлігі осы саладағы қылмыстық схемаларды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
9 шілдеде Абай облысы аумағында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел уәкілдері мен прокуратура органдарының ұзақ уақыт бойы жүргізген тексеру нәтижесінде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалдарының бірінің директорының басшылығымен орман ұрлығын жасады деген күдікпен 20-дан астам адам ұсталды. Сонымен қатар ұрланған ондаған текше метр ағаш, ағаш өңдеу құрылғылары, ақша және филиал құжаттары тәркіленді. Филиал директоры және оның сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Департамент өкілінің айтуынша, олардың қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру және жалған құжат жасау ісіне қатысы тексеріліп жатыр.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осы жылдың қаңтар айында Павлодар облысында «Ертіс орманы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры бастаған қылмыстық топ ұсталғанын естеріңізге саламыз. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған жетекшілік ету және оған қатысу туралы қозғалған қылмыстық іс жалғасып жатыр, - деді Қуандық Алпыс.