Кейбір қала тұрғындарының айтуынша, олар бірнеше күннен бері жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыра алмай жүр.
«Біз бес күннен бері жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыра алмай жүрміз. Бірде бронь бітіп қалады, бірде база жұмыс істемейді, тағы бірде кезегіміз келмей қалады. Адамдар емтихан тапсыруға үлгеру үшін таңғы алтыда келіп, кезекке тұрады, ал олардың жұмыс күні сағат 9-да басталады», - деп шағымданды қала тұрғыны әлеуметтік желіде.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы 23 шілде күні таңертең республика бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарында техникалық ақауларға байланысты үзіліс болғанын хабарлады. Осы себепті емтихан тапсыру кезінде ғана емес, көлікті тіркеу кезінде де мәселелер туындаған.
– Қазір бәрі жұмыс істеп тұр. Сағат 11:30-ға дейін техникалық ақаулар болған. База қалпына келтірілді, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.