"Түн ішінде сиыр сауып жүрміз". Қазақстанның ең шығысындағы ауыл жаңа уақытқа қарсы


ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 31-05-2024, 16:46 0

Катонқарағай ауданындағы Аршаты ауылының тұрғындары жаз шыққанда жаңа уақыт белдеуі жайсыз тиіп жатқанын айтып шағынды. 

 

“Ауыл тұрғындары таңғы сағат 4-те сиыр саууға кірісіп жатыр. Қазіргі уақытта күн салқын. Соның өзінде сағат 4-те сауады. Біраз уақыттан кейін күн ысып, шыбын шыққан кезде сағат 3-тен тұруларына тура келеді. Себебі ол кезде күн шығып, шыбын шығып қояды да, сиырлар тепкіленіп сауғызбайды. Сондықтан ол кезде, яғни мөлшері бір айдың ішінде, 3-тен кете тұруларына тура келеді. Қазір күн салқын болғандықтан ғана сағат 4-те сауып жүр”, дейді ауыл тұрғыны.

 

Халыққа жаңа бесінші белдеу қолайсыз болғанын Катонқарағай аудандық мәслихатының төрағасы Бейімбет Болаев та растайды. Ол республика билігі мәселені қайта қарайды деп сенім білдіреді. 

 

“Ауыл адамдары 4-те тұрып, сиырларын сауып, сүт тартып уақыттарын өткізеді. Сағат 6 болады. Ары қарай 7, 8, 9-ға дейін әрі-сәрі уақыт пайда болады. Жұмысқа барғанға дейін не ұйықтаған емес, не істерлерін білмей қалады. Ал жұмыстан келгеннен кейін бақшада жұмыс істейік десе, қас қарайып кетеді. Міне, Шығыс Қазақстан облысында осындай кедергілер болып жатыр. Біз, мәслихаттардың депутаттары бұл туралы қаулы шықпай тұрып, желтоқсандағы талқылау кезінде депутаттық сауалдар жолдағанбыз. Бірақ одан ешқандай нәтиже болған жоқ. Әлі де осы мәселені қайта қарайды деп сенеміз”, деді депутат.

 

Айта кету керек, Қазақстан 1 наурызда бірыңғай уақыт белдеуін қабылдады. Яғни, бүкіл елде бір ғана бесінші белдеу мақұлданды. 

 

ШҚО табиғи орналасуы бойынша алтыншы белдеуде. Тұрғындары о баста уақытты шегеруге наразы болған.

 

Алайда басқа облыстар да жаңа уақыт ыңғайсыз болғанын айтып жатыр. Наразылар уақытты кері қайару туралы петиция да жариялаған. Үндеуде «жұмыс пен демалыс уақытының сәйкеспеуінен жұмыс өнімділігі төмендеп, ұйқы дұрыс қанбайды» деп жазылған. Өтінішхат аз уақытта 41 мың қол жинады. Қазақстан заңнамасы бойынша, дауыс бергендер 50 мыңға жетсе, үкімет мәселені қайта қарауға тиіс. 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив