Киевте тұратын қазақстандық журналист Айдос Садықов көз жұмды


ЖАҢАЛЫҚТАР 2-07-2024, 11:35 0

Таяуда ғана Киевте оққа ұшқан қазақстандық оппозиционер, журналист Айдос Садықов көз жұмды. Бұл туралы әйелі, журналист Наталья Садықова хабарлады.

«Бәсе» youtube-арнасының жетекшісі Айдос Садықов 2014 жылы Украинаға отбасымен көшіп кеткен болатын. 2023 жылы Қазақстан билігі оған «араздықты қоздырғаны үшін» іздеу жариялаған.

Бұған дейін Украина бас прокуратурасы 18 маусымда Айдос Садықовқа жасалған қастандықтың мән-жайын жариялаған еді. Ондағы мәліметке сүйенсек, шабуыл жасады деген күдіктілер - Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев есімді Қазақстан азаматтары. 

Көп өтпей Қазақстанның бас прокуратурасы Киевте оқтан жараланған журналист Айдос Садықовтың ісіне қатысты күдіктінің бірі ұсталғаны жөнінде ақпарат таратты. Құзырлы органның хабарлауынша, 21 маусымда Алтай Жақанбаев ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласқан. Одан істің мән-жайы бойынша жауап алынған. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталған.

Ал екінші күдікті Мейрам Қаратаевтың тұрған жерін анықтау мақсатында прокуратура жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Айдос Садықовтың әйелі, Қазақстан іздеу жариялаған оппозициялық журналист Наталья Садықова Киевте жасалған қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деп есептейтінін айтқан. 

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «мұндай мәлімдеменің бәрі шындыққа жанаспайды, бұл арандату және өсек-аяң» деді. Оның айтуынша, Қазақстан журналисті өлтіруге мүдделі деген қандай да бір мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді және олар Қазақстанды қандай да бір геосаяси ойындарға тартуға жасалған тікелей арандату. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны тергеу кезінде Астана Киевпен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеген.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив