Оңтүстіктен көшіп келген отбасылар Марқакөлге қалай орналасып жатыр?


Басты 5-07-2024, 12:39 0

Мамыр айында Шығыс өңіріне отызға жуық адам келіп Марқакөл ауданнын аралап қайтты. Марқакөлді ұнатқан оңтүстіктің тұрғындарының ішінде бес отбасы түбегейлі көшіп келуге ниет білдірген, қазір олардың екеуі Ақбұлақ ауылына, қалған екеуі Қараойға орналастырылды. 

Көшіп келушілерге негізі 56 квота тағайындалған. Ақбұлаққа орналасқандардан бөлек тағы он отбасыны, яғни 39 адамды Ақбұлақ, Марқакөл, Қараойға көшіру жоспарланып отыр. Осы орайда халықты көшіріп әкелуге ауылдың өз азаматтары бас болып жүргенін айта кетейік.

Түркістан облысының тұрғындарын Марқакөлге алып келген себебіміз ауданымызда жұмысшы күші тапшы. Қарапайым ауылдарда дәрігерлер, медбикелер, мұғалімдер жоқ. Былтыр біз Ақбұлақ ауылына отыз бір адам алып келдік. "Еңбек" бағдарламасы негізінде көшіп келушілердің отбасы мүшелерінің әрқайсына  71 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) төленеді. Үкімет үйдің жартысын төлеп, жұмысқа орналастырады. Үй алмаймын деген жағдайда бір жыл жалдаған үйінің ақшасын адам санына байланысты төлеп береді. Көшіп келушілерге осындай жеңілдіктер қарастырылған. Ауылымызда қолға алынып жатқан бірқатар бағдарламалар аясында Ақбұлақ ауылына интернет орнатылды. Жол мәселесі бойынша облыс әкімініне хат жаздық, олар міндетті түрде бұл мәселені қолға аламыз деді. Біздің ауылда мектеп оқушылары тапшы, бар жоғы он бір бала қалған. Сол себепті де ауылымызды сақтап қалайық деп, мектепке оқушылар тарту мақсатында  оңтүстіктен он тоғыз бала алып келдік, - дейді Ақбұлақ ауылының тұрғыны, кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров. 

Марқакөл әкімдігі мен ауданның белсенді азаматтарының айтуынша, оңтүстіктен келушілерді шекаралық ауданды халықпен толтыру мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген президенттің тапсырмасын негізге ала отырып "Көші-қон" және "Еңбек" бағдарламасы аясында Марқакөлге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Біз 4 шілдеде көшіп келдік. Бұл жақтың табиғаты бізге ұнап жатыр. Марқакөлдің тұрғындары бізді құшақ жая қарсы алды. Мал шаруашылығымен айналысу жолдасымның армандарының бірі болатын. Жолдасым демікпе ауруымен ауыратындықтан Шымкент қаласының ауа-райы бізге жайсыз болды. Шығыстың ауасы жайлы  болар деген оймен және балаларымның Қазақстанның дамуына өз үлестерін қоссын деген ниетпен осы өңірге келдік, - деді қоныс аударушы Нұрайла Мирзалиева.

Ақмарал Мұхтарбекова

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив