Өскемен қаласында Журналистер одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы және қала әкімдігінің ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат қызметкерлері арасында шағын футбол турнирі өтті. Марат Қабанбай атындағы бұл турнир ақпарат қызметкерлері күніне орайластырылды.
Сайысқа ШҚО мен Абай облысының журналистері келді. Барлығы 4 команда, 30-ға жуық журналист қатысты.
«Негізгі мақсат – кәсіби мерекеде журналистердің басын қосу, оларды спортқа баулу. Марат Қабанбай атындағы журналистер арасындағы шағын футболдан турнир былтырдан бері өткізіліп келеді. Яғни, биыл екінші жыл. Демеуші Өскемен қаласының әкімдігі мен «Kazminerals» компаниясы. Бірінші орынға 150.000, екінші орынға 100.000, үшінші орынға 50.000 теңге берілді, содан соң жақсы ойын көрсеткен спортшылар мен ерекше қолдау танытқан жанкүйерлерге бағалы сыйлықтар берілді», - дейді Журналистер одағы ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Талғатжан Мұхамадиев.
Айта кетейік жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубокпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Турнир бойынша 3-орынды Көкпекті ауданы, 2-орынды «Менің Өлкем» командасы алса, 1-орынға DIDAR командасы ие болды.
Әдемі Амангелді