Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев ШҚО активімен кездесті

ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты Кеше, 20:12 0

Өскеменде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың Шығыс Қазақстан облысының активімен кездесуі өтті. Кездесуді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жүргізді.

Талқылауға мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам өкілдері, басқармалар мен департаменттердің басшылары, сондай-ақ қала және аудан әкімдері қатысты.

ШҚО әкімі Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтарға сәйкес өңір дамып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы тұрақты өсімді көрсетуде — инвестиция көлемі, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өндірісі артып келеді. Тек биылдың өзінде 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ, ол инфрақұрылымды дамытуға кешенді көзқарастың маңызын: 1500 км жолды жөндеу, шалғай аудандарда әуежайлар салу, көлік-логистика хабын қалыптастыруды атап өтті.

«Біздің міндетіміз — тек жол мен мектеп салу емес, азаматқа өмір сүруге, оқуға және дамуға қолайлы орта қалыптастыру», — деді облыс әкімі.

Кездесуге қатысушылардың ерекше қызығушылығын туризм мен әлеуметтік саясат саласындағы жобалар тудырды. 2030 жылға дейін өңір жыл сайын 1 миллионға дейін турист қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа «Анатау» тау-шаңғы кешені мен медициналық туризмді дамыту арқылы қол жеткізу көзделуде.

Әлеуметтік салада басымдықтар — жаңа мектептер салу, колледждерді жаңғырту, таза ауыз суға қолжетімділік, денсаулық сақтау және оңалту инфрақұрылымын дамыту.

Ұлттық құрылтай мүшесі Ольга Кузовлева үкіметтік емес секторды дамыту және «Қазақстан балалары» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Президент тапсырмасы аясында ШҚО-да ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған тағы бір ресурстық орталық ашылды. Бұл – инклюзивтілікті қамтамасыз ету мен әрбір қазақстандық отбасыны қолдаудағы маңызды қадам.

Облыстық мәслихат депутаты Марина Быкова депутаттық корпус атынан сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау бастамасының маңыздылығын атап өтті.

«Дуальды оқыту жүйесі дамып келеді, мемлекеттік қолдау шаралары бар — мұның бәрі еңбек нарығын нығайтып қана қоймай, түрлі салаларда білікті кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді», — деді ол.

Кездесуде сондай-ақ шетелден қайтарылған қаражатты тиімді бөлу мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, бұл қаражаттар әлеуметтік маңызы бар нысандарды — Риддер қаласындағы көпсалалы аурухананы және Өскемендегі гематология орталығын салуға және жабдықтауға бағытталуда.

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев мемлекеттік міндеттерді іске асыруға әрбір азаматтың үлесі мен кемел азаматтық қоғам қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол азаматтық жауапкершілікті дамыту, әлеуметтік масылдықпен күресу және ішкі мәдениетті қалыптастырудың өзектілігін ерекше атап өтті.

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив