“59 млн теңге бөлінген, бірақ жұмыс сапасыз”. Марқакөлдегі жол жыры


ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 26-06-2024, 17:04 0



«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Әділ Пішеновтің айтуынша, жаңадан құрылған Марқакөл ауданында 59 млн теңгеге тендер ойнатылып, жол жөнделген. Бірақ жұмыстың сапасы көңіл көншітпейді.

“Сәуірде әкімдік пен жергілікті «Марқакөл жолдары» мердігер компаниясы арасында келісімшарт жасалған. Оған сәйкес, Марқакөл ауылының көше жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бірақ жол дұрыс жөнделмеген”, деп дабыл қақты қоғам белсендісі.

Порталда көрсетілген құжаттарға сәйкес, мердігер компания Жұрбы көшесі бойынша – 650 метр, Ш.Құдайбердиев көшесі бойынша – 400 метр, Лесная көшесі бойынша – 310 метр, Б.Момышұлы көшесі бойынша - 70 метр орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек болған. 

Алайда Әділ Пішенов жөнделген көше жолдарының көңілінен шықпағанын айтады.

“Мәселен, Жұрбы көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізілген соң асфальт көтеріліп, биіктігі 10 см-ге дейін жететін үйінділер пайда болған. Көліктің жүруі мүмкін емес. Ш.Құдайбердиев көшесінде асфальт мүлдем төселмеген. Лесная көшесінің ортасында асфальт жоқ. Б.Момышұлы көшесінде де үйінділер қаптап тұр”, дейді Пішенов.

Осы мәселе бойынша Bizdin Oskemen сайтының тілшісі Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Нәбиолдаұлына хабарласты. Ол қолайсыз ауа райының кесірінен кей жерлерге төселген асфальтқа зақым келгенін растады. Алдағы уақытта барлығы жөнделіп, техникалық қадағалаудан өтеді екен.

«Жоғарыда аталған келісім-шарттың 7.2 тармағына сәйкес мердігер бір жылдық кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін келтірілген барлық залалды өз есебінен жөндейді», деді аудан әкімі.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив