Былтыр Самар ауылындағы Фонов, Алтай, Лоскутов көшелеріне қиыршықтас төсеп, тегістеу туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар Абай, Шуақты көшелерінің жағдайы назарға алынып, Әубәкіров көшесінің бас жағындағы көлденең көшелерде де ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Букетов, Бақыраев, Болғанбаев көшелерінде жаяу жүргіншілерге арналған жаяужолдар салу және Болғанбаев, "Самарға 100 жыл" көшелеріне толық жөндеу жүргізу күн тәртібіне қойылған. Бұдан бөлек Самар ауылының сегіз шақырымнан астам көше жолдарын және тротуарларды орташа жөндеуден өткізуге де қаражат бағытталған болатын.
Бірақ Самар ауылы тұрғындарының айтуынша, ауыл ішінің жолдары сапасыз. Былтыр ғана асфальт төселген жолдардың кей жерлері ойылып кеткен. Ал кейбір көшелерде асфальт мүлдем төселмеген, дейді Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі SAMARnews-ке сілтеме беріп.
– Самарға 100 жыл көшесінің жолдары ойылып кеткен. Жаңадан салынған жолдың өзі сапасыз. Асфальттың асты дұрыс тапталмаған. Түнде байқамасаң, көлігіңді сындырып аласың. Мердігерлер қайта істеуі керек. Сонымен қатар қадағалауды да күшейту керек деп ойлаймын. Содан кейін әкімдіктен ауруханаға барар жолдағы жаяужол не үшін салынған? Ол жолмен көп ешкім жүрмейді. Оның үстіне, көлік жолы тарылып кетті. Ортасы шұңқыр, тесік. Жол-көлік оқиғасын туғызуы әбден мүмкін, – дейді Ринат Қайратұлы.
Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін Самар ауданы әкімдігіне хабарласты. Әкімдік өкілі мәселені алдағы уақытта реттеу жоспарланғанын айтты.