Марқакөлде жарты миллиард теңгенің жобасы аяқталмаған


ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 31-05-2024, 10:54 0

Марқакөл ауданы Боран ауылында жарты миллиард теңгеге салынған су құбыры желісі істемейді. Тұрғындар ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Бұл жөнінде «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстандағы филиалының жетекшісі Әділ Пішенов хабарлады. 

Қоғам белсендісінің айтуынша, мемлекеттік сатып алулар сайтындағы хабарландыруға сәйкес, 2017 жылы Күршім аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «ПСК ӨСКЕМЕН-ҚҰРЫЛЫС» мердігер компаниясы арасында «Күршім ауданы, Боран ауылында су құбыры желілерін салу» бойынша келісім-шарт жасалған. Сомасы - 552 170 618 теңге. Жұмысты аяқтау мерзімі - 6,5 ай. 

Бірақ, Әділ Пішеновтің айтуынша, су құбыры желісі 2021 жылдан бері істемейді. Су сүзгілері екі бөлек камерада орналасуы керек, ал камераларға кіру темір есіктер арқылы жүзеге асырылады, шын мәнінде есіктер ашық, ішінде ешқандай жабдық, сүзгі жоқ. Таза суға арналған қоймаларда да қалтқы түріндегі құрал-жабдықтар жоқ, санитарлық нормалар сақталмаған, яғни құрылыс жобасы сын көтермейді.

Бұл мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі Күршім ауданы әкімдігіне хабарласып көрді. Себебі тендер авторы осы аудан әкімдігіне қарасты бөлім. Алайда аудандық ішкі саясат бөлімі «Боран ауылы қазір Марқакөлге қарайды, сол жақтан сұрасаңыздар» деп жөн сілтеді.

Ал Марқакөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рүстембек Нәбиолдаұлы «біздің балансқа әлі өткен жоқ» дегенді айтады. Дегенмен ол мәселе барын растап отыр.

- Дәл қазір бұл су құбыры желісі істемей тұр. Астында ақау бар, оны жазда табу өте қиын, су төмен түсіп кеткен, күзде жоғары көтерілген кезде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Балансымызға алып, қаржы бөлінсе, іске көшуге дайынбыз - деді Рүстембек Нәбиолдаұлы. 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив