Абай облысы Аягөз ауданында суға батып кеткен екі адам – Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазин 26 наурыздан бері табылмай жатыр. Шалқардың әкесі Тұрсынғали Қажыгереев “құтқарушылар саны аз және суға сүңгіп іздеуге рұқсаттары жоқ” деп хабарлады. Бұл жөнінде Азаттық радиосы жазды.
– Тірідей табамыз ба деп едік, таппадық. Енді сүйегін тапқымыз келеді. Су астында бір жерде ілініп жатыр ма деген ой келеді. Сүңгуір жіберуге болады ғой, – деді Тұрсынғали Қажыгереев.
Оның айтуынща, ұлының артында төрт баласы қалды. Келіншегінің аяғы ауыр.
– Іздеуді тоқтатқан жоқпыз. Сүңгуірлер басында бір жарым ай іздеген. Жайылған судың көлемі үлкен. Тал, қараған көп. Талдың астына оралып қалды ма, ол жағын білмейміз. Жоғары тұрған мекемелерге сүңгуір сұрап хат жолдап отырмын, – деді Аягөз ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Руслан Байтұрсынов.