Зайсандағы өртті сөндіруге 100 ерікті көмекке келді

ЖАҢАЛЫҚТАР Кеше, 12:23 0

Зайсанда қамыс пен құрғақ шөптен шыққан өртке қарсы күрес жалғасып жатыр. Оқиға орнында 200-ден астам адам жұмыс істеуде, олардың ішінде 100 ерікті және 100 жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері бар, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен оқиға орнына оның орынбасары Бақытжан Баяхметов барды. Ол жағдайды жеке бақылауда ұстап, өртті жою шараларын үйлестірмек.

Қазіргі уақытта жедел топ құрамында өрт сөндірушілер, коммуналдық қызметкерлер және табиғат апатының салдарын жоюға көмектесуге дайын жергілікті тұрғындар бар. Зайсан ауданы мен жақын маңдағы елді мекендерден арнайы топтар өрт сөндіру және құтқару жұмыстарына белсенді қатысуда.

– Өрт ошағы елді мекендерден алыс, жету қиын аймақта орналасқан. Халыққа және тұрғын үйлерге қауіп жоқ, зардап шеккендер жоқ. Жағдай бақылауда, бөлімшелер өртті сөндіру жұмыстарын жалғастыруда. Біз тұрақты мониторинг жүргізіп отырмыз және қажет болған жағдайда қосымша күштерді тартамыз. Тұрғындардан сабыр сақтап, ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды сұраймыз, – деді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов.

Өртті сөндіруге түрлі қызметтер мен ұйымдар белсенді атсалысуда. Қалалық және ауылдық округтердің қызметкерлері де өрт сөндірушілерге көмекке келді. Қажетті техника тартылған: УАЗ, Нива, Газель көліктері және әуеден сөндіру үшін екі тікұшақ жұмыс істеуде.

– Шұбарағаш аумағында, Зайсан ауданының Біржан ауылдық округінде қамыс пен құрғақ өсімдіктердің жануы орын алды. Өрт ошағы батпақты, ашық әрі жету қиын жерде орналасқан. Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар мен орманшылар отты сөндіруге кірісті. Өртті сөндіру жұмыстары 19–20 м/с дейін жететін жел екпінімен қиындауда. Әуеден сөндіру үшін ҚР ТЖМ “Қазавиақұтқару” МИ-8 тікұшағы және ШҚО әкімінің аппаратынан тікұшақ жұмылдырылды, – деп қосты ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.

Күшті желдің салдарынан өрттің әрі қарай таралу қаупі бар. Билік жағдайды қадағалап отыр және тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, өрт ошағы болуы мүмкін аймақтарға бармауға шақыруда.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив