Катонқарағайдың бүлінген жолын әуежай салатындар жөндейтін болды

ЖАҢАЛЫҚТАР Кеше, 15:05 0

Туризмнің төріне айналып келе жатқан Катонқарағай ауданында әуежай құрылысы басталғаны жұртқа мәлім. Осы әуежай салушылардың ауыр техникалары Катонқарағайға апарар жолдың біраз бөлігін бүлдіріп кеткен. Бүлінген жолды енді әуежай салып жатқан мердігер компания жөндейтін болды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

ШҚО-да мердігерлік ұйым жаңа әуежайдың құрылысы барысында зақымданған республикалық маңыздағы «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының бүлінген бір бөлігін қалпына келтіретін болды.

– Бұл жолдың жергілікті тұрғындар мен туристер үшін маңызды екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан құрылыс материалдарын жеткізу барысында зақымданған учаскені қалпына келтіруге дайынбыз. Жөндеу жұмыстары уәкілетті органдармен тығыз үйлестікте кезең-кезеңімен жүргізіледі, – деді компанияның өкілі Әсет Сұлтанов.

Жолдың 252-ші шақырымнан 311-ші шақырымға дейінгі бөлігі зақымданған. Ауыр техниканың қарқынды қозғалысы салдарынан жол жабыны мен инженерлік құрылыстар зақымдалған.

Сонымен қатар, жолдың бүлінуіне көктемгі маусыммен сәйкес келуі де себеп болған. Осы кезде жол жабыны артық ылғалдануға ұшырайды. Мұндай жағдай жолдың көтергіш қабілетін төмендетіп, жамылғының бұзылуына тікелей әсер етеді.

Жолды өз қаражатына қалпына келтіру міндеттемесін компания бас мердігерлермен үшжақты келісім арқылы бекіткен. Компания жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп, көлемі мен мерзімін әріптестерімен келісе отырып атқармақ.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив