Сурет: yk-news.kz
Өскеменде “Ертіс өзеніне секіріп кетті” деп хабарланған 22 жастағы Жандос Баяновты іздеу 11 күннен бері жалғасып жатыр. Ағасы Айбол Сләмбеков Bizdin Өskemen сайтының тілшісіне оқиға болған күнгі видеоларды полиция “жартылай” көрсеткенін айтты.
— Полиция видеожазбаларды бес күннен кейін ғана көрсетті. Бірақ толық емес. Бауырымның көпір жақтауын қолымен ұстанып, салбырап тұрғаны, сосын құлағаны көрінеді. Ол көпірді қолымен ұстап тұрғанда полиция қызметкерлері жанына жүгіріп барады. Ақырындап, алдарқатып барғанда жақсы болар ма еді деп те ойлаймын. Жалпы видеоларды толық көрсетпеді, әр жерде үзілген жазбаларды ұсынды. Бірақ өзіме алып кетуге, көшіріп алуға бермеді. Ал бауырымның дәмхана ішінде таныстарымен отырғаны, сосын сыртқа шыққан видеосын сегіз күннен кейін көрдім. Ары қарай не болғаны көрінбеді, — деді жоғалған адамның ағасы Айбол.
Ол бауырының көпірден секіруіне не себеп болғанын былай топшылайды:
— Бауырымда бұған дейін ешқашан мұндай жағдай болған емес. Депрессияда жүргенін көрмегенмін. Сабақты жақсы оқиды, келесі айда қызыл диплом алуға тиіс еді. Полицияға тергеуді соңына жеткізіңіздер деп арыз қалдырдым. Менің ойымша, оны біреу қорқытқан тәрізді. Анықтап берулерін сұраймын. Жай ғана “суицид” бабымен істі жабуға болмайтын жағдай. Бауырымның таныстарын да тергеген жоқ, — деді ол.
Айболдың айтуынша, іздеу жұмыстары әзірге нәтиже бермеді.
— Кеше төтенше жағдайлар департаменті іздеуді ауа-райына байланысты тоқтатты. Бірақ мен өз бетімше қарадым. Жағалауларды шолып шығып, бірнеше дрон ұшырдым. Дрондарым суға кетіп қалды, — деді Жандостың ағасы Айбол.
Іздеу жұмыстары бір күн тоқтатылғанын төтенше жағдайлар департаменті де растады.
— 26 мамырда ауа райына байланысты тоқтады. Бүгін қайта іздеу жалғастырылды. Ертіс өзенінің айдыны іздеуге қиын. Дегенмен таңнан кешке дейін өзен мен жағалаулар қаралып жатыр. Бұған дейін Предгорное ауылына дейін қаралса, енді содан кері, қалаға қарай тағы бір мәрте іздеп келе жатыр, — деді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы.
Өскеменде Жандос Баяновтың жоғалғаны туралы ақпарат 16 мамырда хабарланды. Ағасының айтуынша, ол 15 мамырда достарымен дәмханаға кеткен. Куәгерлер оның 16 мамырға қараған түні, сағат 00.45-те Ертіс көпірінен секіріп кеткенін айтқан. Бауыры сол күні ағасына “аға, мені құтқар, өлтіреді” деп әлеуметтік желіден хат жолдаған. Ағасы “іздестіру дереу басталмады, полиция видеоны көрсетпей жатыр” деп шағымданған.