Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетикалық сусындарға қатысты пәтуа шығарды.
– Энергетикалық сусындар алкогольсіз және алкогольді деп екіге бөлінеді. Энергетикалық сусындардың құрамында алкоголь аз мөлшерде болса да оны ішуге тыйым салынады.Пайғамбарымыз "Мас ететін нәрсенің азы да, көбі де – харам" деп айтқан". Алкогольсіз энергетикалық сусындар. Кез келген сусынның құрамында алкоголь, зиянды заттар, харам, нәжіс нәрселер болмаса оны қолдануға рұқсат етіледі. Ал құрамында адам баласының денсаулығына зиян беретін заттар болса (алкоголь, қауіпті заттар, харам, нәжіс т.б.) қолдануға тыйым салынады, - делінген хабарламада.
ҚМДБ мәліметінше, энергетикалық сусындарды жиі қолдану ағзаға (жүрекке, жүйке жүйесіне, қан қысымының жоғарылауына, қант диабетіне, семіздікке, аяқ-қолдың діріліне, т.с.с.) қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған. Сондықтан мұсылман адамға мұндай сусындардан аулақ болғаны дұрыс.
Шешім:
1. Егер сусынның құрамында шариғатта харам саналатын заттар болса, оны ішуге тыйым салынады.
2. Алкогольді энергетикалық сусындар ішу – харам.
3. Алкогольсіз энергетикалық сусындарды ішу харам емес, бірақ олардың денсаулыққа зияны бар-жоғын ескеру қажет. Егер зиян екені белгілі болса, олардан бас тартқан абзал.