Халықаралық стандарттау ұйымының ISO 3166-2 стандартына сәйкес «KAZ» және «KZ» геокодтары ресми түрде Қазақстан Республикасын белгілейді. Бұл кодтар интернет домендерінде, мемлекеттік құжаттарда, есеп беру құжаттарында және нөмірлерде кеңінен қолданылады. Олар ел ішінде де, шетелде де танымал. Осыған байланысты Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары үшін «KAZ» және «KZ» индекстері бекітілді. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.
Көлік министрлігі мәліметінше, «KAZ» индексі бірнеше өңір арқылы өтетін 23 автомобиль жолына беріледі. Мәселен, Қарағанды арқылы өтетін Астана мен Алматы арасындағы жол KAZ01, ал Астана-Көкшетау-Петропавл-РФ шекарасы жолы KAZ02 индексімен белгіленеді.
«KZ» индексі бір өңірдің шегінде орналасқан республикалық маңызы бар 88 жол үшін қолданылады. Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолы KZ04-02 индексін алды. Онда көрсетілген «04» нөмірі – өңірді, ал «02» нөмірі – облыс шегіндегі жолдың реттік нөмірін көрсетеді.
– «E» және «АН» сияқты халықаралық келісімдер арқылы тағайындалған автомобиль жолдарының индекстері өзгеріссіз қалатын болады. Бұл халықаралық көлік жүйесіндегі жүйелілік пен транзиттік қозғалыс жайлылығын қамтамасыз етеді, - делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.