сурет: ШҚО денсаулық сақтау басқармасынан
Өскемен қаласының №1 қалалық емханасында даму және ерте араласу орталығы ашылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бұл орталықтың мақсаты – балалардың даму барысын бақылау, қауіптерді ерте сатыда анықтау және кешенді – медициналық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету.
Жоба Денсаулық сақтау министрлігінің бастамалары аясында жүзеге асырылып, балаларға профилактикалық көмекті күшейтуге және ерте жастағы балалары бар отбасыларды қолдауға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова осындай орталықтарды ашу балалар денсаулығын сақтау жүйесін нығайтудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
– Орталықтың жұмысы дамуындағы ауытқуларды ерте анықтауға бағытталады, бұл қажетті емдеу мен қолдауды уақытылы бастауға мүмкіндік береді. Бұл – салауатты ұрпақ қалыптастыруға қосылған үлес. Маңызды жобаны жүзеге асырған емхана ұжымына және облыстық педиатриялық қауымдастыққа алғысымды білдіремін, – деді Мадина Мырзабекова.
Орталықта бірнеше функционалды кабинеттер бар. Атап айтқанда: скринингтік тексерулер, аудиологиялық скрининг, сондай-ақ балалар тамақтануы бойынша ресурс орталығы және патронаж қызметі.
Медициналық орталықта көмек көрсету үшін педиатрлар, бейінді мамандар, логопедтер мен психологтардан құралған мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді.
Емхананың бас дәрігері Айман Мырамытованың айтуынша, мекеме 30 мыңнан астам баланы қамтиды және қаладағы ең ірі балалар медициналық мекемесі. Медициналық орталықта ЛОР-дәрігер, аймақтағы жалғыз балалар нефрологы, эндокринолог, невропатолог және басқа да мамандар бар.