Тарбағатайда біраз күн тапшылықтан кейін бензин қымбаттады


Басты / ЖАҢАЛЫҚТАР 7-08-2024, 12:05 0


Жақында әлеуметтік желіде "Ауылдан хабар" парақшасы Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылындағы бекеттерде бензин таусылуға айналғаны жөнінде видео таратты. Видеода бекеттердің бірінде оншақты көлік кезекке тізіліп тұрғаны аңдалады. Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі ауданда расымен бензин тапшылығы туындағанын анықтады. Жергілікті билік бұл мәселенің барын растады.

- Иә, бізде жанар-жағар май тапшылығы мәселесі бар. Бұрын бензинді Павлодар мұнай өнімдері зауытынан алып жүрдік, өкінішке орай, қазір ол жерде бензин жоқ. Бірақ аудан әкімі Өскемен қаласынан 120 тонна алуға келісім жасап, АЗС иегерлері 30 тоннадан алатын болды. «Қожахметова» жеке кәсіпкерлігі бүгін тиелді, жолда келе жатыр, «Мойын» шаруа қожалығы ертең тиеледі, - деді Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мұкатов Мейрамбек.

Сондай-ақ, оның айтуынша, бензин бағасы өскен. Бұрын 230 теңге болатын, қазір 235 теңге. 

Айта кету керек, бензин мәселесі Тарбағатай ауданында жиі туындайды. Онда көрші аудандардағы сияқты ірі жанармай құю бекеттері жоқ, жеке кәсіпкерлер шағын станциялар ұстайды. Ал аудан орталығы Ақжарда үш станция ғана бар.

Еске салайық, Тарбағатай тұрғындары Ақжарда "ҚазМұнайГаз", Qazaq Oil сынды ірі жанармай құю желілерінің бекетін ашуды көптен бері сұрап келеді. Қаңтар оқиғасы кезінде де аудан орталығына жиналған халық осындай талап қойған. Олар ірі бекет ашылса, артық делдалдардан құтылып, қалыпты бағаға қол жеткіземіз деген еді. 

Тарбағатай ауданы Қытай елімен шекаралас жатыр. Оның үстіне облыс орталығынан 400 шақырымдай шалғайда орналасқан. Ресми деректерге сүйенсек, ауданда 20 мыңға жуық халық бар.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив